Отандық туризмнің дамуына кедергі келтіріп тұрған себептер қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық туризмнің дамуына кедергі келтіріп тұрған себептер қандай?

25.10.2018

Әлемде экономиканың 10 пайызы туризмге тиесілі. Бірақ, біз бұл көрсеткішке әлі жете алмадық. Себебі, сан алуан. Көрікті мекен көп болғанымен, қызмет көрсету сапасы нашар, бағасы қымбат, шұрық-тесік жолдармен жету қиын, кадр тапшы. Қысқасы, түйіні тарқатылмаған түйткіл жетерлік. Елбасының биылғы Жолдауында да осы мәселе назардан тыс қалмады. Мемлекет басшысы ішкі туризмді дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берген еді. Оның ішінде виза мәселелерін жеңілдетуді, инфрақұрылымды дамытуды және саладағы өзге де кедергілерді жою жөнінде шаралар қабылдау қажеттігін айтты.

Жол жөнделсе, шетелге бармай-ақ, елімізде демалатын едік. Қоғамда қалыптасқан көпшіліктің пікірі - осы. «Бағасы қымбат, қызмет көрсету нашар» деген пікірден де арыла алмай келеміз. Себебі, былтыр барған аймақтан шаршап-шалдығып, жол азабын тартқан турист биыл дәл сол жерге демалуға бармайды. Бұған қоса, демалыс орындарында тамақтану қымбат. Асхана, дәретхана тазалығы сын көтермейді. Туристердің көп ескерту айтатыны да сондықтан.

Ең алдымен, сервис. Бір жаққа барып демалуды жоспарласаң, біріншіден, демалыс орнының ғаламтордағы сайтын қарап аласың. Өкініштісі сол, Қазақстандағы кейбір шипажайлардың сайттарынан ештеңе таппайсың. Саяхатшыға арналған порталдан қажетті ақпаратты алу қиын. Келесі қадам - брондау. Алайда, шипажай қызметкерлерінің дөрекі жауабынан кейін-ақ, демалыстан бас тартқың келеді.

Отандық туризмнің дамуына кедергі келтіріп тұрған тағы бір себеп – инфрақұрылымның нашар болуы. Курорттық демалыс орындары көп аймақтарға жету қиын. Жол жоқ. Яғни, демалу орындарына қысқа мерзімде жетіп баруға мүмкіндік қарастырылмаған. Ал, мына кадрларда Алакөлге барар жол көрсетіледі.

Ал, мынау Атырау облысындағы талайдың дертіне дауа болған Тұздыкөл. Бүгінде ол қараусыз жатыр. Көпшілік көлдің маңына сауықтыру орталығы салынса деп тілейді. Жыл сайын мұнда келетін халық қарасы көбейіп келеді. Тұздыкөлдің ерекше қасиетін ғалымдар да мойындап отыр. Оның минералға толы балшығы мен суынан шипа тапқандар жетеді. Алайда, дертіне ем іздегендер үшін жағалауда еш жағдай жасалмаған. Әзірге бұл жерде инфрақұрылым атымен жоқ. Жолы аяқ алып жүргісіз. Сол себепті, шипажай салу көп қаржыны талап ететін сыңайлы.

Қуаныш Амантурлин, демалушы:

- Алыстан келгендерге тамақтанатын, демалатын, қонатын жер болса дейміз.

Тек Атырау атырабында ғана емес, мұндай орындар еліміз бойынша жетерлік. Көбінің қараусыз қалып жатқаны да жасырын емес. Билік тарапынан қолдау болса, бұл орындар халық игілігіне айналары ақиқат.

Жалпы, Қазақстанда 10 мыңға жуық археологиялық және тарихи мұра, 118 ерекше қорғалатын табиғи аумақ, оның ішінде 11 мемлекеттік ұлттық табиғи саябақ бар.

2020 жылға дейінгі туристік саланы дамыту тұжырымдамасы аясында Астана, Алматы, Шығыс, Оңтүстік және Батыс Қазақстан облыстарына ерекше басымдық беріліп отыр. Бас қалада – бизнес туризм, Шығыста – экотуризм, Алматыда – тау туризмі, Оңтүстікте – мәдени туризм, Батыста жағажай демалысын дамыту жоспарланған. 

Елімізде демалу үшін жағдай жасалмаған дегенімізбен, биыл ел ішінде саяхаттаймын деп шешкен азаматтардың саны былтырғымен салыстырғанда 7 пайызға артқан.

Осылайша, 2 миллион 400 мың адам отандық туризмге басымдық беріп, Қазақстанның көрікті жерлерін аралауды жөн көрген. Биыл елімізге 4 миллионнан астам шетелдік келіпті. Елімізге, әсіресе, Үндістан, Малайзия азаматтары көп келеді екен. Келесі орында Польша. Одан кейін Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматтары. Бұдан кейінгі орында Оңтүстік Корея.

Дегенмен, туризм саласы мүлде дамымай жатыр деп ауызды қу шөппен сүрту жарамас. Мысалы, елімізде қонақ үйлер мен демалыс орындарының саны жыл санап артып келеді. Биыл қонақ үй, мотель сынды тұрақтайтын орындардың саны 3161-ге жетті. Курорттық аймақтарда көрсетілген қызмет көлемі болса 4 млрд. 800 миллион теңгеге жеткен.

Осы ретте, өзге елдерден келетін саяхатшылардың санын арттыру үшін Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында виза мәселелерін жеңілдетуді де тапсырған болатын. Былтыр ЭКСПО көрмесі кезінде еліміз 45 елге визасыз режим енгізді. Сондай-ақ, Сингапур, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері, Монако сияқты елдердің азаматтарына 30 күнге дейін виза қажет емес болды.

Тауболды Үмбетбаев, ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры:

- Визасыз режим енгізу қауіпсіздік мәселелерімен тығыз байланысты.

Қазақстанның туристік әлеуетін арттыру мақсатында елімізде «Қазақ туризм» ұлттық компаниясы құрылды. Аталмыш компанияның алғашқы міндеті – еліміздің туристік әлеуетін шетелде насихаттау болса, екіншісі – осы салаға инвестиция тарту. Бұл ретте Қазақстан туралы бейнежазбалар ауқымды «BBC», «Euronews» сынды жаһандық арналарда көрсетілді. Көпшіліктің қызығушылығына ие болу үшін шаһарлардың туристік имиджін қалыптастыру жұмыстары да жүргізілуде. Электрондық виза жасау мәселесі де алға қойылды. Сондықтан, олқылықтардың орнын толтырып, осы қарқыннан таймасақ, туризм қосымша жұмыс орнын қалыптастыруға, сыртқы сауда балансының белсенділігіне ықпал етері анық.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу