Қызылордадағы полимер құбырлары зауытының әлеуеті артып келеді. Осыдан үш жыл бұрын ашылған өндіріс орны қазір ел сұранысын толық өтейді. Алдағы уақытта кәсіпорын өз өнімдерін экспорттап, сыртқы нарықты сапалы тауармен қамтамасыз етуге қауқарлы.
Зауыт немістің соңғы үлгідегі технологиясымен жабдықталған. 4 техникалық желі тәулік бойы жұмыс істейді. Мынадай арнайы құрылғыда негізгі шикізат полиэтилен түрлі химиялық қоспалармен араластырылып, желі бойына жіберіледі.
Автоматтандырылған жүйенің арқасында құбырдың қалыңдығы мен көлемі монитор арқылы реттеліп отырады. Мұнда ауызсу, кәріз және газ жүйелеріне қажетті диаметрі 50 миллиметрден 600 миллиметрге дейінгі иілгіш құбырлар жасалады.
Нұрбек Нұрмұхамедов, зауыт инженері:
Шыққан өнімді кран арқылы көтеріп, мына жаққа апарып өңдейміз. Барлығы компьютермен басқарылады. Қол еңбегі тек қана машинаға тиегенде қолданылады. Мамандар өздері инженер-технологтар тапсырыстың барлығын қойып береді.
Қазіргі уақытта, зауытта атом өнеркәсібіне қолданылатын поливенилхлорид құбырлары жасалады. Жалпы, кәсіпорын жылына он алты мың тоннаға жуық өнім дайындайды. Алдағы уақытта іргедегі елдермен алыс-берісті арттыру көзделуде.
Арман Әбдіқадіров, зауыт директорының орынбасары:
Еуразиялық экономикалық одақ құрылуына байланысты сырттан келген егер тапсырыс болатын жағдайда біздің зауыттың 100 пайыз орындауға толық мүмкіндігі бар.
Отандық өнімнің сапасы жоғары, еуроталапқа сай. Кедендік кедергілердің жойылуы одақтас елдер арасындағы сауда-саттықтың артуына жол ашады. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, біз қазақстандық тауарды көршілес мемлекеттерге экспорттауға ниеттіміз, дейді зауыт басшылығы.
Гүлжан ҚАЛТАЙҚЫЗЫ