Бүгін Үкіметте елге инвестиция тарту мәселесі қаралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Үкіметте елге инвестиция тарту мәселесі қаралды

23.10.2018

Инвестиция тартуға жауапты мекемелер мен шет мемлекеттердегі елшілерге KPI тиімділікті тексеру жүйесін қолдану керек. Бүгін Үкіметте елге инвестиция тарту мәселесі қаралды. Жиында келтірілген мәліметтерге қарағанда, бірнеше облыста жеке инвестиция тарту жағынан былтырмен салыстырғанда көрсеткіштер төмен. Үкімет басшысы осы орайда бюджет қаражатына ауыз ашып отырмай, инвестициялар тартуда белсенді жұмыстар жүргізу туралы әкімдерге нақты тапсырмалар жүктеді.

Инвестиция тартуға әкімдер мен құзырлы министрлік, оған қарасты ұлттық компания және елшіліктер жауапты. Бүгін Премьер-Министр инвестициялық форумдарда мыңдап қол қойылатын меморандумдардың нәтижесін талдап, инвестиция тартудағы елшілер мен әкімдер жұмыс тиімділігін тексеруді тапсырды. Себебі, кейбір өңірлерде жекеменшік инвестиция тарту көрсеткіші төмендеп кеткен. Яғни, негізгі жұмыс бюджеттен қаржы алып, соны игерумен ғана шектелген.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

- Премьер-Министрдің айтқаны жекеменшік инвестиция. Ол жағынан бірнеше облыстың көрсеткіштері былтырғыға қарағанда төмендеді. Оның ішінде, Қызылорда, Ақтөбе облыстары, СҚО және Астана мен Шымкент қалалары.

Осыған қарамастан, Қазақстан инвестиция тартуда Орта Азияда көш бастап тұр. Бірақ, әлі де инвестклимат «қолайсыз» салалар бар. Ол жер учаскелерін беру, газбен жабдықтау және газ бағасы секілді сауалдар. Мысалы, 5 миллиард АҚШ долларынан асатын 6 жоба газ мәселесіне тіреліп тұр. Ол үшін қолданыстағы заңдарға өзгеріс енгізілуі керек.

Сапарбек Тұяқбай, «Kazakh Invest» АҚ Басқарма төрағасы:

- Еліміздің батыс өңірлерінің басым бағыты болып табылатын мұнай және газ саласында Сіздің тапсырмаңызға сәйкес инвестжобаларға қатысты газ мәселесі өз шешімін табуда. Нәтижесінде бүгінгі таңда Энергетика министрлігімен және әкімдермен бірлесіп, алты ірі жоба пысықталуда.

Инвестициялық әлеуетті артыру үшін жақын арада тағы бір мемлекеттік қор құрылмақ. Бұл - Президент тапсырмасы. Тікелей инвестициялық қор ірі жобаларды жасақтап, оларды қаржыландыратын инвесторлар іздеумен айналысады.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу