Көпбалалы отбасы көпшіліктен көмек сұрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көпбалалы отбасы көпшіліктен көмек сұрайды

22.10.2018

Астанада бес баласы бар отбасы тұрып жатқан үй өртеніп кетіп, далада қалды. Күйік шалған анасы мен балалары ауруханада жатыр. Қыс қарсаңында баспанасыз қалған отағасы шарасыздықтан қайырымды жандардан көмек сұрайды.

Оқиға түнгі сағат 11:00-де болған. Өрт шыққан кезде 5 бала да үйде екен. Төтенше оқиғаның басты куәгері - үйдің тұңғышы, 15 жастағы Әсем. Ол бауырларының екеуін сыртқа шығарып, көршілерінен дереу көмек сұраған. Ал, 2 жастағы сал ауруымен ауыратын ұлды көршілері алып шығыпты.

Ғарифолла Мүслімов, көршісі:

- Шықсам шифрлар жарылып жатыр екен. Кішкентай баланы терезеден шығарамыз ба деп едік, болмады. Терезені сындырдық. Сөйтіп шығардық. Кейіннен өрт сөндірушілер келді. Газды алдын ала алып қойған екен.

Оттың неден тұтанғаны белгісіз. Ал, отағасы Ғалым Исанов шарасыз күйде отыр. Қиындықтан шығар жолды қалай табатынын білмейді. Тосыннан шыққан өрттен үш бөлмелі баспананың төрт қабырғасы ғана қалған. Үй болса, өздеріне тиесілі емес, жалдап тұрады. Ал, негізгі қожайынына жағымсыз хабар әлі айтылмаған. Өйткені, өрттің шығынын өтеп беру керек.

Исанов Ғалымжан, қала тұрғыны:

- Сағат 11.00-де әйелім қоңырау шалды. Жылап жатыр. «Ғалым, ренжімеші, үй жанып кетті», - дейді. Бірінші кезекте балаларды сұрадым.

Абырой болғанда, аман қалды. Тек олардың үшеуі түтінге тұншығып, ауруханаға түскен. Ал, анасын 1 дәрежедегі күйік шалған, ол да ауруханада. Айтып келмейтін апат әп-сәтте дүние-мүлік, киім-кешек, тұрмыстық техниканың бәрін күлге айналдырған. Үш бөлмелі үйінің қаусаған қабырғасы мен шатыры ғана қалған шарасыз жандар енді көпшіліктен көмек сұрауға мәжбүр.

Бар мүлкінен айырылған шаңырақ көмектің қандай түрінен де бас тартпақ емес. Өйткені, отағасының табысы бала-шағасының ас-суынан артылмайды.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу