Ақтөбеде сәуір айында лифтіде қаза тапқан журналист өліміне қатысты сот процесі аяқталды.
Көпқабатты үйдің техникалық қауіпсіздігіне жауапты мекеменің басшысы Кенен Жаңабеков шартты түрде 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал, лифтіге бір реттік жөндеу жұмысын жүргізген механик Жарылқасын Ақжанов сот залынан қамауға алынды. Оған 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жәбірленуші тарапқа 2 млн. теңге моральдық шығынды өтеу міндеттелді. Қайтыс болған журналист Айзат Әбдісаматтың туыстары тағылған айыппен толық келісіп отыр. Өйткені, механик Ақжанов қаралы отбасыдан бірде-бір рет кешірім сұрап келмеген. Онысымен қоймай, сотта өз кінәсін мойындамаған.
Ербол Әбдіхалықов, судья:
- Кенен Жанабеков Қылмыстық Кодекстің 306-бабы 3-тармағы бойынша айыпты деп танылып, 4 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Жарылқасын Ақжановқа 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтейді.
Жақсыбек КЕМАЛ