Болашақта кітапханалардың мазмұны мен сипаты мүлдем өзгеруі мүмкін. Себебі, «Жас Отан» жастар қанаты кітапханалардың форматын өзгертіп, оны заман талабына сай етіп жасақтамақшы. Биыл жыл соңына дейін 17 өңірдегі кітапханалар заманауи коворкинг орталықтарға айналады.
Әсем Жұмабек Алматыдағы Жамбыл Жабаев атындағы жасөспірімдер кітапханасының тұрақты оқырманы. Биыл кітапханаға деген қызығушылығы арта түскен. Себебі, Кеңестік кезеңнен келе жатқан кітапхана аясы біраз кеңейген. Жастарға арналған тілдік курстар мен жылдам интернет желісі бар. Отырып қана оқымай, ыңғайы келсе жылы жұмсақ жерге жантая кетіп білім алуға да жағдай жасалған.
Әсем Жұмабек, Алматы қаласының тұрғыны:
- Мысалы, басқа кітапханаларда мұндай атмосфера жоқ. Мына жақта өзіңді жақсы сезінесің.
Еуропа елдерінен келген коворкинг орталықтар тәжірибесін кітапханаларға енгізуді «Жас Отан» жастар қанаты қолға алмақ. Осы аптада 34 кітапханашыға тренинг өткізілді. Жыл соңына дейін барлық 17 облыста осындай кітапханалар ашылады.
«Білім орталықтары» деп аталатын партиялық жоба аясында кітапхана түсінігі кеңейтіліп, оларға жастарда тарту жұмысы басталады. Бұл шараға «Жас Отан» бюджетінен қаржы қаралмаған. Бастама жергілікті меценаттар есебінен жүзеге асады.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.