Астанада жылы аялдамалар қолданысқа қашан беріледі?! - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада жылы аялдамалар қолданысқа қашан беріледі?!

18.10.2018

Астанада күннің күрт суытуы қоғамдық көлікпен қатынайтын халықты әбігерге түсірді. Тұрғындар автобустарын аялдамада емес, жаңбыр мен қардың астында, сыртта тұрып күтуге мәжбүр. Өйткені, жаңадан жылы аялдама саламын деп кіріскен әкімдік төбесінде шатыры бар ескісін де бұзып тастаған. Қала инфрақұрылымын жақсарту жөнінде жұмыстар қашан реттеледі?!

Халықтың күнделікті тұрмысындағы түйткілдердің бірі осы аялдама мәселесі. Астанаға ерте келген қыс, әсіресе, қоғамдық көлікпен жүретіндердің жағдайын қиындатты. Тұрғындар ашық аспан асында сағаттап автобус күтуіне тура келеді.

Елордада 1300-ге жуық аялдама бар. Ал, олардың жабық, яғни, жылысын салу жұмыстары 2015 жылы басталды. Сол кезден бері шаһар бойынша 24-і орнатылған. Жыл соңына дейін оның санын 55-ке дейін жеткізу жоспарда бар. Аялдамалар негізінен мектеп, аурухана сынды әлеуметтік маңызы бар нысандардың жанына салынып жатыр. Алайда, жаңалардың өзі қолданысқа әлі берілмеді. Заманға сай жаңа павильондар неліктен жұмыс істемей тұрғанын қалалық әкімдіктің өкілі айтып берді.

Руслан Әбдуәлиев, Астана қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бөлім басшысы:

- Аялдамалардың барлығы электр жүйесіне қосылуға дайындалып жатыр. Жер қазу жұмыстарының барлығы өткізілген. Енді монтаждық жұмыстар істелінеді. Бұл жұмыстардың созылып кеткені конкурстық процедураларға байланысты. Конкурсты жаз айында хабарлағанбыз. Процедуралардың шешіміне байланысты бұл күзге дейін созылып кетті.

Демек, мәселенің бәрі аялдама салатын компаниялардың іске кеш кірісуінде. Құжаттамалық үрдістер де уақыттың созылуына себеп болған. Сондықтан, әкімдік өкілдері қала тұрғындарына шыдамдылық танытып, автобусты ашық аялдамалар шатырының астында күте тұруды сұрайды.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу