Астанада көлік салығын төлемегендер анықталуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада көлік салығын төлемегендер анықталуда

18.10.2018

Астаналық көлік жүргізушілерінің салыққа қарызы бар-жоқтығын жол-патрульдік полиция қызметкерлері тексеріп жатыр. Мемлекеттік кірістер және әкімшілік полиция комитеттері бірлесіп, рейд жүргізуді бастады. Тілшіміз Оңғар Алпысбайұлы жұмыс барысымен танысып қайтты.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Рейд барысында жол-патрульдік полициясы қызметкері жол ережесін бұзған көлікті тоқтатады. Одан соң сол сәтте бұзған ережесі үшін айыппұлын жазып береді де басқа да айыппұлдарының бар-жоқтығын тексереді. Өз жұмысын аяқтағаннан кейін инспектор көлік жүргізушісінің салық қарызын тексереді.  Егер бар екені анықталып жатса, қолындағы электронды принтер арқылы оған хабарлама шығарып береді.

Қазіргі уақытта 80 мыңға жуық Астана тұрғынының көлік салығына 2,5 миллиард теңге қарызы бар. Оның ішіндегі 191 адамның берешегі 1 миллион теңгеден асады.

Азамат Сәрсембек, Жол-патрульдік полициясы мамандандырылған батальонының аға инспекторы:

Біздің қолымыздағы электронды планшетте жүргізушінің салық төлеген-төлемегені туралы бүкіл мәліметтер бар.

Салыққа қарызы барлардың банктерде шот аша алмайтыны, яғни несие рәсімдей алмайтыны және шетелге шығуларына тыйым салынатыны белгілі. Енді, көлігін сатар кезде ғана айыппұлы мен салығын жабатындарға қолданатын шара тіпті күшейтілмек.

Сәкен Әзімбаев, Есіл аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы:

Кез келген салық берешегі бар борышкер болса, соны өндіру мақсатында бірінші ескертпе жасаймыз. Ескертпені орындамаған жағдайда жеке сот орындаушыларға жіберуге біз құқылымыз. Ары қарай сот шеше бастайды.

Кірістер комитеті мұндай рейдтерді болашақта еліміздің өзге де қалаларында жүргізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, мүлік және жер салықтары туралы хабарлама да таратылмақ.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу