Ақмола облысында 51 кәсіпорын жалақыны уақытылы төлемеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында 51 кәсіпорын жалақыны уақытылы төлемеген

17.10.2018

Жыл басынан бері Ақмола облысында 2 мыңға тарта жұмысшы жалақыларын уақытылы алмаған. Бұл жөнінде әкімшіліктің кезекті аппарат кеңесінде айтылды. 51 кәсіпорынның еңбек заңнамасын бұзғаны анықталды. Олардың қызметкерлер алдындағы қарызы 141 миллион теңгеге жеткен. Қазір аталған ұйымдардың барлығына тексеріс жүргізіліп, жұмысшылардың жалақысы қайтарылуда. Биыл 449 кәсіпорын тексеріліп,  430 заң бұзу дерегі тіркелді. Олқылықтың басым бөлігі еңбек қатынастары мен қауіпсіздік бағытында. Арнайы сауалнама жүргiзу барысында 6 мыңнан астам адамның зейнеткерлiк аударымы жүрмей келгені анықталды.

Берік Мұстафин, облыстық Еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың жетекшісі:

- Жыл сайын еңбекті қорғау саласындағы өтініштер мен шағымдардың саны артып отыр. Ағымдағы жылдың басынан бері облыстық Еңбек инспекциясына 1275 өтініш келіп түсті. Оның ішінде жалақыны уақытылы ала алмауға байланысты шағымдар бар. Өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 330 шағымға көп. Әр инспектор айына 89 шағымды қарайды. Заңбұзушылықтарға жол берген кәсіпорындардың барлығына тексеріс жүргізіледі.

Ермек ЕЛБЕРГЕН

Хабарламаларға жазылу