Жамбыл облысында жел мен Күннен және судан энергия өндіретін 168 мегаваттық 10 станция бар. Бұл көрсеткіш бойынша Жамбыл өңірі қазірдің өзінде өзге облыстардан оқ бойы озық тұр. Енді 2020 жылға қарай осы баламалы қуат көзін өндіру көлемі тағы да ұлғайтылатын болды.
Қордай асуындағы жел электрстанциялары үш бірдей компанияға тиесілі. Осы күнге дейін екі жоба толықтай жүзеге асып, тұрақты жұмыс істесе, қуаты 54 мегаваттық үшінші станция кезең-кезеңмен салынып жатыр. Оның қуаты алдыңғыларынан екі жарым есе көп.
Марат Тоқбаев, «Vista International» ЖШС өндіріс жөніндегі директоры:
- Электр энергиясын өндіру көлемі тікелей табиғатқа байланысты. Жел көбейген сайын өнім де арта түседі. Мәселен, осы жыл басынан бері сағатына 130 млн-нан астам электр энергиясын өндірдік. Біз бұл электр қуатын бүтін бір ауылға, ауданға немесе қалаға емес, мемлекетке өткіземіз. Ал, жалпы алғанда, өз өнімімізбен Қордай ауданының аумағын толықтай қамти аламыз.
Шу ауданындағы Тасөткел су электр станциясы жылына 48 миллион кВатт электр қуатын өндіреді. Бұл энергия екі бірдей ауданды жарықпен қамтуға толық жетеді. Жобаның жалпы құны – 1 миллиард 350 миллион теңге. Шу өзенінде қыста да су мол болғандықтан, станция жыл он екі ай тоқтаусыз жұмыс істейді. Оның үстіне әр киловатт энергияның құны 11 теңгеден аспайды.
Әлішер Жұмабаев, Тасөткел су электр станциясының директоры:
- Біздің негізгі қуаттылығымыз 9,2 кВт, бірақ, қазір су деңгейі төмен болғандықтан су аз болады. Нақтылы кезеңде сағатына 3,5 мВт өнім алудамыз.
Ал, Жуалы ауданындағы Күн электр станциясы – бүкіл Орталық Азиядағы ең үлкен нысан саналады. Ол 224 гектар жерді алып жатыр. Мұнда сағатына 100 мегаватт энергия өндіріледі. Бұл дегеніңіз, 70 000 үйге қажетті қуат көзі.
Арман Асылхан, «Burnoуe Solar-1» ЖШС жоба менеджері:
- Ауа райының бұлтты, жауын-шашынды кездерінде станцияның шығарған өнім көлемі жылына 75000 млн. кВт-қа жуықтайды. Бұл әрқайсысынан, ал, егер екеуін біріктірсек, бұл 150 000 млн. кВт-ты құрайды. Күн ашық кезде тәулігіне 300 мың, яғни, 660 мың кВт/сағат қуат көзін өндіруге мүмкіндік туады. Бірінші нысандағы электр энергиясының құны 43 теңгеге жақындаса, екінші нысанда 34 теңге 61 тиынды шамалайды.
Бұл компаниялардың барлығы да, өндірген энергиясын оны таратумен айналысатын арнайы мекемелерге тасымалдайды. 2020 жылға қарай мұндай нысандардың саны тағы артып, Жамбыл облысы өз қажеттілігінің 60 пайызын баламалы қуат көздерінен алады деп жоспарланып отыр.
Қымбат ҚАРЖАУҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.