«7-20-25» бағдарламасы бойынша Астана мен Алматы қалаларына жақын аймақтар үшін ипотеканың шекті сомасы 25 млн. теңгеге дейін көтерілді. Қолжетімді баспанаға ие болудың талаптары жалпы Елбасының бес әлеуметтік бастамасын орындау барысындағы нәтижелер мен олқылықтар бүгін үкімет отырысында талқыланды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова шағын несиелендіру бойынша қалыс қалған өңірлерді сынаса, Қаржы министрі Әлихан Смайылов республикалық бюджетті дер кезінде игере алмай жатқан министрліктерді атап берді.
Өнеркәсіп пен құрылыста өсім бар. Ал, ауыл шаруашылығы ақсаңқырап тұр. Өйткені, биыл өсімдік шаруашылығындағы көрсеткіштер өткен жылдағыдан төмендеу екен. Жалпы, ішкі өнім болса, 4,1 процентке дейін көтерілген. Ал, инфляция 5-7 процент дәлізінде сақталып тұр. Елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы жайлы баяндаған Тимур Сүлейменов жылдық инфляция деңгейі шамамен 6 процент болады деп уәде етті. Ал, Қаржы министрі Әлихан Смайылов бюджеттің игерілуіне қатысты есеп берді.
Әлихан Смайылов, ҚР Қаржы министрі:
- Сегіз айдың қорытындысы бойынша отырыстағы ескерту өз нәтижесін берді. Игеру жақсарды. Сонымен бірге, 6,5 млрд. теңге үнемдеу сомасын ескермегенде 47 млрд. теңге игерілмеді. Ең көп игермеу сомалары келесі әкімшіліктерде сақталып отыр: Мәдениет және спорт, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, Ұлттық экономика, Жоғарғы Сот. Жыл аяғына дейін 51 жұмыс күні қалды. Барлық әкімшіліктерді бюджетке қаралған қаражатты толығымен игеру сұрағын басты назарда ұстауға шақырамын.
Үкімет басшысы бұған дейін бюджетті дер кезінде игеруге талай рет үндегенімен, кей органдар көшке әлі ілесе алмай келеді. Сондықтан, Бақытжан Сағынтаев ондай әкімдіктер мен министрліктерден артылып қалған қаржы олардан алынып, игеріп жатқандарға берілетінін жеткізді. Бюджетті ғана емес, Елбасының «5 әлеуметтік бастамасы» бойынша бөлінген қаржыны жарата алмай жатқан өңірлер де жоқ емес. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі шағын несиелендіру бағдарламасының орындалуы жайлы баяндап берді.
Мәдина Әбілқасымова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Жыл басынан бері микрокредит бойынша барлығы 38 млрд. теңге, оның ішінде қалаларда 10,5 млрд. ауылдарда 28 млрд. теңге игерілді. Бұл жоспардың 60 пайызын құрайды. Өңірлер ішінде жақсы көрсеткіштер Алматы қаласында, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, ШҚО және СҚО байқалады. Артта қалып келе жатқан өңірлер: Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстары және Астана қаласы.
Ал, осы «5 әлеуметтік бастаманың» ең әуелгісі – баспана алу мүмкіндігі бойынша Ұлттық банк төрағасы айтып берді. «7-20-25» бағдарламасына бірқатар өзгеріс енгізілген. Енді Алматы, Астана қалаларына жақын аймақтарда 25 млн. теңгеге дейін ипотека алуға болады. Бұған дейін мұндай ереже Шымкентте енгізілген еді. Сондай-ақ, Ұлттық банк төрағасы қолжетімді баспанаға айлықтары 110 мың теңгеден асатындар ие бола алатынын жеткізді. «Өйткені, бағдарлама әлеуметтік болғанымен, ипотеканың аты ипотека», - дейді Ақышев.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
- Бұл кредитті төлеу үшін ресми расталған кіріс болу керек дегенді білдіреді. Мысалы, құны 10 миллион теңгенің пәтерін сатып алу үшін 2 миллион теңге мөлшерінде бастапқы жарна қажет. Ай сайынғы төлем 57 мың теңге болады. Тиісінше, банктің мақұлдауын алу үшін азаматтың ай сайынғы кірісі, шамамен, 120 мың теңге болуға тиіс. Себебі, «кредит бойынша борыш көлемі кірістің жартысынан аспауы тиіс» деген ереже бар.
Жалпы, үкімет отырысында Елбасының наурызда жариялаған «5 әлеуметтік бастамасы» аясында атқарылған шаруалар талқыланды. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев барлық бастама бойынша жұмысты жандандырып, апта сайын сараптау-бақылау жүргізілуін тапсырды.
Альбина ӘШІМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.