Мемлекеттік тапсырыспен студенттерге жатақхана салу жұмыстары басталады. Білім және ғылым министрлігі мен бірнеше жоғары оқу орны осындай құжатқа қол қойды. Бұл жұмыстар Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясында жүзеге аспақ. Мақсат - 2022 жылға дейін 75 мың орындық жатақхана салу.
Соңғы оқу жылы білім гранттарының саны екі есеге артқаны белгілі. Бұл жақын арада жатақханаға сұраныс та еселеп артады деген сөз. Қазір Қазақстанда 80 мыңнан астам студент жатақханаға мұқтаж. Сондықтан да, бұл жұмыс жедел қолға алынды. Жаз бойы заң әзірленіп, бүгін жоғары оқу орындары мен министрлік арасында алғашқы құжаттар бекіді.
Министрлік мемлекеттік тапсырыс аясында салынып біткен жатақханадағы әрбір орынға жылына 122 айлық есептік көрсеткіш немесе 300 мың теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы береді. Ал, қайта жөнделген ғимаратты жатақханаға бейімдесе, әр студентке 200 мың теңге төңірегінде төленеді. Мемлекет бұл қаржыны сегіз жыл бойы бөліп төлейді.
Асқар Ыбырайымов, «Қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасы:
- Мемлекеттік тапсырыс бойынша 2022 жылға дейін 153 миллиард теңге бөлінген. Бірақ, алдағы 3 жылдық бюджетте бұл мақсатқа 15 миллиард теңге сұраттық. Оны жатақхана салып біткен инвесторларға немесе университеттерге беріп отырамыз.
Бүгін бұл әдіспен алты университет пен министрлік арасында құжат бекіді. Университеттердің жер телімдері дайын, енді құрылыс басталады. Тек бүгін қол қойылған құжаттар бойынша келесі жылы 2810 орын пайдалануға беріледі.
Біржан Әлімжанов, «Қаржы орталығы» АҚ департамент директоры:
- Міндетті түрдегі алғышарт - сол жатақханада міндетті түрде студент болуы керек. Егер жатақхана 500 орынға есептелсе, бірақ, ол жерді 300 немесе 400 студент тұрса, сол студенттің санына қаражат төленеді.
Президент тапсырмасын тездету үшін биыл жыл соңына дейін тағы бір топ келісімшарт жасалмақ. Бұдан бөлек, заңға өзгеріс енгізіліп, ескі ғимарттарды да жатақханаға бейімдеуге рұқсат етілген. Осының арқасында жыл соңына дейін Атырау қаласында бұрынғы 500 орындық қонақ үй студенттерге берілмек.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.