Алматыда марафонға қатысқан студент қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда марафонға қатысқан студент қайтыс болды

15.10.2018

Жексенбі күні Алматыда өткен марафон қайғылы жағдаймен аяқталды. Жүгіруге қатысқан 18 жастағы Максим Королев қайтыс болды. Ол Санкт-Петербург гуманитарлық кәсіподақтар университеті Алматыдағы филиалының студенті еді. Куәгерлердің айтуынша, жас жігіт мәреге жарты шақырым қалғанда күтпеген жерден құлап қалған. Жедел жәрдем көлігі дереу жеткенімен, ол оқиға орнында үзіліп кеткен.

Максим Королев ата-анасының үміт артқан жалғыз баласы еді. Спортпен жастайынан тұрақты түрде айналысқан. Тіпті, күрес пен жауынгерлік самбодан спорт шеберлігіне үміткер болған. Футбол мен кросстан қалалық спартакиадалардың жеңімпазы атанған. Анасының айтуынша, осы уақытқа дейін де марафондарға қатысқан. Бірақ, бұл жолы мәреге жете алмады.

Ольга Королева, қайтыс болған Максимнің анасы:

Ол спортпен өте мұқият айналысты. Тіпті, жауынгерлік самбодан дайындыққа күніне екі рет баратын. Денсаулығында ешқандай мәселе болған жоқ. Өйткені, үнемі медициналық тексеруден өтіп тұратын. Мұндай жағдай қалай болғанын білмеймін.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, Максим Королев 10 шақырымға жүгіретін желаяқтардың қатарында болған. Бұл бағыттағы жол толықтай жедел жәрдем және Ішкі істер департаменті мамандарының бақылауында болған. Шараға жалпы 3,5 мыңнан астам адам қатысқан. Марафонға көбісі өз еркімен келетіндіктен, барлығы бірдей жарыс алдында медициналық тексеруден өтпеген.

Салтанат Қазыбаева, «Бірінші болу - батылдық» корпоративтік қорының атқарушы директоры:

Біздің шараға қатысатын әр азамат тіркеу алдында арнайы порталдан талаптарымызбен таныса алады. Олар қашықтықты таңдамай тұрып, сол аралықты жүгіріп өтуге дайын болуы тиіс. Өйткені, әр қашықтық белгілі бір деңгейде дайындықты қажет етеді.

Марқұмның денесін бүгін туыстары сараптама орталығынан шығарып алды. Ертең Астанада жерлейді. Ал, оның қайтыс болуының нақты себебі сот-медициналық сараптамасының нәтижесінен кейін белгілі болады. Ал, жарысты ұйымдастырушылар осы қайғылы оқиғадан кейін қатысушыларға қойылатын талаптарды күшейтпек. Өйткені, жоспар  бойынша қараша айында тағы бір марафон өтпек.

Амангелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу