Есімдері тек елге ғана емес, әлемге әйгілі авторлардың Мырзатай Жолдасбековке қолтаңба қалдырып сыйға тартқан кітаптары көрмеге қойылды. Олардың арасында Құранды орыс тіліне аударған Валерия Порохова, жазушы Шыңғыс Айтматов, Өзбекәлі Жәнібеков, Әлкей Марғұлан мен Әбділдә Тәжібаевтың еңбектері бар.
Бұдан бөлек, ұлт жанашырына елеулі еңбегі үшін берілген 5 орден мен 79 төсбелгі де көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, «Тұлға барда кітап бар» атты жеке жазбалар коллекциясымен танысуға да мүмкіндік туды. Мырзатай Жолдасбековке мұндай ұсынысты жасаған Ұлттық ғылыми кітапхана ұжымы. «Себебі, қоғам қайраткерінің өмірі мен шығармашылығы көпке өнеге»,-дейді олар. Көрмеде қаламгердің құрметіне жыр оқылып, күй күмбірледі.
Ғарифолла Есім, академик:
Мұндай дәстүр өркениетті елдерде бар. Өйткені, тұлғаның тұлғалық қасиеті деген елдік қасиетке байланысты болады. Яғни, белгілі тұлғаның еңбектері тек сол жеке кісінің еңбегі емес, ол жұртшылықтың, көпшіліктің еңбегі болып саналады. Ол үшін оның еңбектері осылай кітапхана, көрмелерде тұруы керек.
Мөлдір Баймұхамбетова, кітап мұражайының жетекшісі:
10 мыңнан астам кітап коллекциясын біздің кітапхана қорына өткізді. Санайтын болсақ, бір аудандық кітапхананың қорымен бірдей екен. Кейбір кітаптар табылмай жатса, осы кісінің кітап қорынан тауып аламыз. Тағы бір ерекше нәрсе, қыздарын тұрмысқа бергенде жүк аяғына, беретін дүниесіне ол кісі кітап берген екен.
Нысаналы ЫҒЫЛ