«Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылған зымыран құлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылған зымыран құлады

11.10.2018

Бүгін түс ауа «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылған зымыран құлады.  Нақтырақ айтсақ, орбитаға «Союз МС-10» кемесін алып шығуы тиіс болған «Союз ФГ» зымырантасығышы санаулы минуттардан кейін істен шықты. Абырой болғанда, ғарышкерлер аман. Бұл туралы бүгін Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер мәлімдеді. Оның айтуынша, апат болған сәтте ғарышкерлер зымыраннан капсула арқылы бөлініп шығып, Жезқазған аумағына қонды. Алайда, зымыранның негізгі бөлігі нақты қай жерге құлағаны әлі белгісіз. Қазір арнайы іздеу тобы ғарыш кемесінің екінші сатысын анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр. 

Владимир Беккер, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы:

- Ғарыш кемесінің екінші сатысы Қарағанды облысы Жезқазған қаласының маңайына құлауы мүмкін деп отырмыз. «Роскосмос» мамандарымен хабарластық. Олардың айтуынша, құлаған зымыран Жезқазған қаласынан 30-35 шақырым жерге түсуі ықтимал. Бір анығы, зымыран бөлшектері құлайтын траекторияда ешқандай елді мекен жоқ. Егер ол елді мекенге құласа, онда осы уақытқа дейін бір ақпарат жетер еді.

Ербол МӘНДІБЕК

Хабарламаларға жазылу