Әлемді бейбітшілікке шақыратын арнайы декларация қабылданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемді бейбітшілікке шақыратын арнайы декларация қабылданды

11.10.2018

Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 6-шы съезі аяқталып, арнайы декларация қабылданды. Екі күн бойы әлемдік дін лидерлері, саяси қайраткерлер дүниежүзіндегі апаттар мен жанжалдар туралы талқылады. Аса өзекті болып отырған босқындар мәселесін, терроризм мен экстремизм жайын саралады.

Адамзатқа ортақ проблемалардың түйінін шешу жолдарына қатысты пікір алмасып, нақты әрекет ету жолдарын қарастырды. Жиынға келген 80-нен астам делегация өкілдері осындай маңызды кеңес өткізіп, өзара пікір алмасуға мүмкіндік жасағаны үшін алғыс айтып, басқосудың әрбір отырысының маңызы артып келе жатқандығын атап көрсетті.

Астанада үш жылда бір ұйымдастырылатын дін көшбасшыларының съезі  әлемдегі түйткілдердің түйінін тарқату жолдарын қарастыратын берік алаңға айналды. Әлемнің 40-тан астам елінен келген әр делегат  Қазақстанның беріп отырған бұл мүмкіндігін жоғары бағалады. Адамзат баласын ізгілікке шақырып, татулыққа үндеуде дін көшбасшыларының  рөлі ерекше.  Съездің екінші күнінде жиынға келген мәртебелі меймандар Бейбітшілік қабырғасына барып мінәжат етті. Дүниежүзінде адам баласына қауіп төндіретін зорлық-зомбылықтың, апаттардың болмауын тіледі.

Равиль Гайнутдинов, РФ Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы:

- Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының басын қосу арқылы әлемдік мәселенің түп-төркінін айқын біліп отыр. Бізге осындай алаң ұсынып отырғандарыңыз бейбітшілік туралы құр сөзден нақты іске көшуге шақырып отырғаныңызды көрсетеді. Діни сенімі берік адамдарды зорлықпен сындыру мүмкін емес. Бірақ, менің ойымша, зорлық-зомбылықтың бетін сенім тәжірибесімен қайтаруға әбден болады. Ол үшін ең алдымен адамдардың жүрегіне иман ұялауы керек.

Ғасыр індетіне айналған терроризм мәселесі де съездің басты тақырыбының бірі болды. Діни лидерлер теріс ағымның жетегіне ілініп террорлық әрекетке баратындардың Исламға еш қатыстары жоқ екендігін баса айтты. Өйткені, Ислам, зорлық-зомбылықтан, терроризмнен үнемі алшақ тұрады. Ол - бейбітшілік, келісімнің діні. Жалпы кез келген дін адамдарды қатыгездікке емес, бір-біріне жанашырлықпен қарауға үндейді.

Осы бетте Қытай буддистері қауымдастығының өкілі ұлы Абайдың сөздерін мысалы ретінде келтірді.

Чунь И, Қытай буддистері қауымдастығы төрағасының орынбасары:

- Барлық мәдениеттер мен діндердің үндеуі бір ғана ортақ нүктеге түйіседі. Барлығы да адамның жақсылығына, бақуаттылығына негізделуі тиіс. Адасудан алыс болғанымыз абзал. Абай Құнанбайұлы «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» дегендей әрқайсымыз жақсылықты өзімізден бастайық. Бүкіл адамзаттың жарқын болашағы әр адамның жақсылық жасауынан басталады.

Съезд қорытындысы бойынша барша әлемді бейбітшілікке шақыратын арнайы декларация қабылданды. Сондай-ақ, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары жиынының 15 жылдығына орай шығарылған арнайы марка таныстырылды. Астанада басқосу тағы да нәтижелі әрі жемісті өтті.

Бақытжан Омар, тілші:

-Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін бүгін Бразилия өткізуге ниет білдірді. «Бұл Қазақ Президентінің осыдан 15 жыл бұрынғы бастамасын әлемдік деңгейге шығаруға мүмкіндік береді», -  дейді сол елден келген арнайы өкіл. Жалпы, жиынға қатысқан барлық мәртебелі мейман Астанада бастау алған халықаралық съездің дүниежүзіндегі өзекті проблемаларды ортаға салып, мәселелерді шешу жолдарын талқылауға мүмкіндік беретін орынға айналғанын жоғары бағалады.

Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу