Қазақ әдебиетінің қара нары, қазақ журналистикасының жампозы, шындықтың жебесі. Дәл осы теңеулерді бір бойына сыйғызған тау тұлға, ол - Шерхан Мұртаза. Кеңестік жүйенің кеңеспей кесетін сұрқай саясатынан сескенбей, ұлт мүддесін түгендеп, халқының қалауын соға білген сомжүрек қаламгер. Кезінде шығармалары 100 мың данамен дүркін-дүркін басылуы соның нақ айғағы. Жадағай шалалықты жасырмайтын, баянсыз беделге бас ұрмайтын жазушының айбарлы бейнесі мен құнды мұрасы халық жадында мәңгі қалары сөзсіз.
Алаштың айбары, қарасөздің қайнары, намыстың қайрағы, қазақтың қаймағы. Тұтас халықтың Шерағасы болған даңқты тұлғаға табылар теңеу көп. Қалың көпшілік ел абызына айналған қайраткерге осылайша сүйіспеншілігін білдіретін. Шерхан Мұртаза Тәңіртаудың баурайында, жұлдызы биік Жуалыда дүниеге келді. Балалық шағы соғыстың ауыр кезеңіне тап келген соң ерте жастан еңбекке араласты. Интернатта жеген қара нанының дәмін ешқашан ұмытқан емес. Сондықтан да болар, жазушы балалық шағының аспанын жиі еске алатын.
Шерхан Мұртаза Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдаған. Еліміздің ең беделді деген басылымдарында талай жыл еңбек етті. Ел мүддесі мен ұлт қамы үшін жазған өткір мақалалары үнемі елдің аузында, биліктің назарында болатын.
Баспасөздің бас сардары еліміздің ең ірі деген баслымдары мен телеарнасын басқарды. Талай талантты жастарды елге танытты. Қазақтың сөздік қорында «Шерағаңның шекпені» деген бұзылмас сөз тіркесі қалыптасты.
Текті қаламгердің алғашқы кітабы 26 жасында жарық көрді. 28 беттен тұратын «Құрылысшы Дәку» атты шағын ғана очеркі оның шығармашылық мұхитына жолын бастап берді. Қаламгердің Тұрар Рысқұловтың өмірі жайлы жазған «Қызыл жебесі» қазақ халқының сол бір тауқыметті әрі күрделі кезеңін шынайы, боямасыз суреттеген. «Мылтықсыз майдан», «41 жылғы келіншек», «Бір кем дүние», «Ай мен Айша», тағы басқа да туындылары оқырманның жүрегінен мықтап орын алған.
Халқын сүйген қаламгерді халқы қалап, кезінде Парламент төрінен орын берді. Ел тағдыры таразыға түскен қысталаң жылдарда Шері-ағаңның айбары талайларды тәубесіне келтірді.
Қилы заманның қиындығын көп көрсе де, жалған атақ пен жағымпаздыққа бой алдырмаған Шері жазушының шығармалары бүгінгі буынның шамшырағы секілді. «Ай мен Айшаны» астастырып, «Қызыл жебені» қорамсақтан суырып, «Қара маржанды» қазынаға айналдырып, «Тамұқтан» жол тапқан жазушы «Бір кем дүниені» келер ұрпақ түгендесе деген арман-мұратын аманаттап кеткендей.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.