Қарағанды облысында келер жылдан бастап төменгі жалақы 1,5 есеге көбейеді. Яғни, өңірдегі 32 мың тұрғынның, 25 мың бюджет қызметкерлерінің табысы молаймақ. Осы мақсатта бюджеттен 2 миллиард теңге бөлінеді. «Елбасының Жолдауына сай халықтың табысы мен тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жүзеге асыруда ірі компаниялар да белсенді түрде атсалысуы тиіс», - деді өңір басшысы. Құжатта айтылған тапсырмаларды талқылаған облыс активінің жиынында барлық саланың аяқ алысы сарапқа салынды. Мәселен, өңірде шағын кәсіпкерлік дамып келеді. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы жүргізіле бастағалы 8 жыл ішінде 17 миллиард теңге қаражат бөлінген. Осылайша, 1,5 мың кәсіпкер мемлекеттік бағдарлама шарапатын көрді. Қазірдің өзінде жұмсалған қаражаттың қайтарымы жаман емес. Бюджетке салықтан 24 миллиард теңге түскен. Сондай-ақ, 20 мың адам жұмысты болды.
Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:
- Қатардағы қарапайым қазақстандықтың ой-арманы қандай? Тұрмысым жақсарып, тапқан табысым арта берсе деп ойлайды. Үйім болса, бала-шағамды асырасам, білімді, денім сау, әл-қуатым күшті болса деп армандайды. Міне, осының барлығы Жолдауда айқын көрініс тауып отыр. Барша қазақстандықтармен қатар, Қарағанды облысының 1 миллион 400 мың тұрғыны Жолдаудың әр жолынан өзін көре алады, өзі таба алады.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.