Экономикалық әріптестік нәтижелі болмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экономикалық әріптестік нәтижелі болмақ

03.06.2014
Экономикалық әріптестік нәтижелі болмақ
Шекаралас жатқан Атырау өңірі мен Ресей Федерациясының Астрахань облысы арасында жан-жақты әріптестік қарым-қатынас нығайып келеді. Соның арқасында барыс-келіс жиілеп, сауда-саттық көлемі өсті, кәсіпкерлік субъектілері көбейді. 
 
Өткен жылдың өзінде екі арадағы тауар айналымы 308 миллион АҚШ долларын құраса, биылғы нәтиже бұдан едәуір жоғары болады деп болжанып отыр. 
 
Көршілес аймақтар арасында тауар айналымы жыл сайын артып келеді. Күніне олар шамамен бір-біріне 100 тоннаға жуық азық-түлік тасымалдайды.
 
Ресейдің Астрахань облысындағы мемлекеттік статистика қызметінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы өңірден өз өнімдерін Қазақстанға тасымалдайтын жетпістен астам кәсіпорын тіркелген. Олардың жалпы өнімінің 13 пайызы біздің елге жөнелтіледі екен. 
 
Денис Афанасьев, Астрахань облысының Халықаралық және сыртқы экономикалық байланыстар министрі:
Ресей мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыс жүйелі түрде дамып келеді. Бұған бірінші кезекте Кедендік одақтың ашылуы септігін тигізді. Кәсіпкерлер арасында бәсекелестік артып, өнім көлемі ұлғайды. Олардың арасында әріптестік қатынастар нығаюда. Мәселен, осы бағытта жақын күндері бізге Маңғыстау облысынан кәсіпкерлер тобы келеді деп күтілуде. 
 
Қазір, Атырау облысында ресейлік компаниялардың 100-ге жуық өкілдігі бар. Астрахань өңірінде де осынша отандық кәсіпорындардың өкілдігі жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде, баға тұрақтылығын сақтауға ықпал етуде.
 
Екі елдің арасында мұндай экономикалық әріптестіктің артуына Кедендік одақтың қосқан үлесі зор. Ал Еуразиялық экономикалық одақ бұл үрдістің өрісін тіпті кеңейте түспекші. Мұны ресейлік сарапшылар мен саясаттанушылар да растап отыр.
 
Рафик Османов, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор:
Бұл одақтың болашақта әлемдік аренада алар орны ерекше болатынына сенімдімін. Оған жұмылдырылатын ресурстар, оның экономикалық аймақ өрісінің ұлғаюы одаққа мүше елдердің қарыштап дамуына негіз болары сөзсіз. Және осы одақтың құрылуына негіз болып, өлшеусіз үлес қосқан Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін, оның көрегендігін айта кеткен жөн. 
 
 
 
Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу