Түркістанға 900 мың турист саяхатқа келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанға 900 мың турист саяхатқа келді

04.10.2018

Облыс орталығы мәртебесіне ие болған Түркістан шаһарына саяхат үшін келетін туристер саны  артты. Тарихи орынды қызықтау үшін және зиярат етуге былтыр бір миллион адам келсе, биылғы 8 айдың өзінде олардың қатары 900 мыңға жетіп отыр. Бұл ең әуелі аймақта саяхатшыларға қызмет көрсету сапасының артқаны, содан соң қатынас жолының жақсарғанының нәтижесі. 

Джон Лайман баспа саласында жұмыс істейді. Ежелгі Отырар шаһары, Яссауи кесенесі жөнінде  бұған дейін тек ақпарат құралдарынан естіп біліп жүрген. Демалысын пайдаланып, әдейін саяхаттап келіпті. Сапардан алған әсері керемет.

Джон Лайман, саяхатшы:

- Өйткені, ерте ортағасырда салынған құрылысты өз көзіммен көріп, оның сақталуы таңқалдыруда. Қазақстан туралы ақпарат құралдарынан хабарымыз бар. Енді оның тарихына көз жеткізу, оның әсері бірталай.

Тек биылдың өзінде Түркістанға Джон секілді 32 мыңнан астам шетелдік саяхаттау үшін келген. Мамандардың айтуынша, оларды көбіне Ұлы Жібек жолы бойындағы Сауран, Сидақ, Қараспан, Күлтөбе, Отырар қалашығы секілді тарихи орындар қызықтырады. Ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрімізге қаныққысы келетін туристер көп.

Ақмарал Кеңесбай, Туристік ақпараттық орталығының менеджер-консультанты:

- Туристер АҚШ, Франция, Бельгия және Германия елдерінен келеді. Олардың көбіне Сауран, Отырар секілді ескі қалашықтарға және де Арыстан баб кесенесіне қызығушылықтары көп.

Саяхатшылар санының артуы Түркістанда шағын және орта кәсіпкерліктің жандануына түрткі болды. Бүгінде шаһарда 11 мыңнан астам кәсіпкерлік нысаны саяхатшыларға қызмет көрсетеді. Өңірлік өнімнің 58 пайызы туризм мен қызмет көрсету саласының үлесінде. Былтыр шаһар қазынасына туризмнен 3 миллард 700 миллион теңге пайда түскен. 

Гүлжамал Даханова, Түркістан қаласы кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы:

- 2017 жылы туристік салада қызмет көрсететін екі кәсіпкерлік нысанында 50 жұмыс орны ашылған болса, биыл тағы екі нысанды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Онда 240 жұмыс орны ашылады.

Шаһардың туристік әлеуетін жақсарту мақсатында Яссауи кесенесі жанынан қолөнершілер орталығы ашылған. Мұнда ісмері мен зергері бар, ағаш және темір ұстасы секілді 20-дан астам шебер жұмыс істейді. Түркістанға сапарлап келген әрбір жан шеберлердің бұл еңбегін көріп қызықтай алады. Көңілге жақса, сатып алады. Сондай-ақ, жаңадан салынған зияратшылар орталығында 200 адамның ас ішіп, тынығып түнеп шығуына барлық жағдай жасалып отыр.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу