ШҚО-да 9 ауылға газ берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да 9 ауылға газ берілді

03.10.2018

Шығыс  Қазақстанның Зайсан ауданындағы бірнеше ауыл халқы көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізді. Қазақ-Қытай шекарасының  шегіндегі елді мекендерге газ құбырларын тарту жұмыстары осыдан 3-4 жыл бұрын басталған.

Аталған жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 1 миллиард 224 миллион теңге бөлінген. Осы аралықта 9 ауылға  жалпы ұзындағы 119 шақырым құбыр тартылды. 

От жағудың азабын әбден көрген Айнабұлақ ауылының тұрғыны Бәтима Жақыпбаева енді бұл машақаттан құтылды.Өйткені, үйі газбен жылытылады. Бұрынғы пеші болса, гүл қоятын жерге айналған.

Бәтима Жақыпбаева, Айнабұлақ ауылының тұрғыны:

-Ауылымызға көгілдір отын келді. Газымыз жанып, суымыз ағып тұр. Қаладан ешқандай айырмашылығымыз жоқ.

Зайсан ауданында газдың 1 текше метрі - 11 теңге 22 тиын. Яғни, көмір пайдаланудан табиғи газ 3-4 есеге арзан түседі. Сондықтан, Қайнар ауылының тұрғындары да көше бойы тартылған құбырдан газды үйлеріне қуана-қуана кіргізіп жатыр.

Зайсан қаласының іргесіндегі газды автоматты түрде реттеу станциясы осы уақытқа дейін қазақстандық және қытайлық инвесторлар құрған кәсіпорын қарамағында болды. Ал биыл қазан айынан бастап мемлекет меншігіне өтті.

Қуаныш Мұратбек, газ шаруашылығының инженері:

-Қарабұлақ кен орнынан келген құбыр осы автоматты газ реттеу станциясына кіреді. Бұл жерде газ қысымы 48 атмосферадан 12-ге түседі. Бұдан ары қарай Зайсан қаласы мен 9 ауылға таратылады.

Бүгінде Зайсан қаласы газбен тегіс қамтылып, 2500 тұрғын үй көгілдір отын игілігін көріп отыр. Бюджеттік және коммерциялық нысандар да газға қосылып жатыр. Таяуда ғана осымен 4-ші мектеп газбен жылыту жүйесіне көшті.

Әсет Құсайынов,Зайсан ауданы әкімінің орынбасары:

-Осы Дәуленов атындағы орта мектепте құрылыс жұмыстары 2017 жылы басталып, биыл аяқталды. Бүгінгі күні жылыту маусымына дайынбыз. Бұл мектепте 1 000 тонна көмір кетсе, енде бюджеттік ақша 40 пайызға дейін үнемделетін болады.

Келер жылы көгілдір отынды аудандағы тағы 8 елді мекенге жеткізу көзделген. Қазір жобалық-сметалық құжаттары жасалуда.

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу