Жаркент қаласында күзгі жиын-терім мерекесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаркент қаласында күзгі жиын-терім мерекесі өтті

02.10.2018

Алматы облысының Жаркент қаласында күзгі жиын-терім мерекесі өтті. 35 ұлттың өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатқан өңір тұрғындары жинаған ауылшаруашылық өнімдерінен дастархан жайып, жәрмеңке ұйымдастырып, ән-жырдан шашу шашты. «Лағман пати», «Тандыр пати» сайыстарын өткізіп, халыққа ұлттық ас мәзірлерін ұсынды. Берекелі аймақтың мерекелік шарасына біздің тілшілер де қатысты.

Ашық аспан астындағы лағман әзірлеуден жарыс халық ең көп жиналған шара болды. Жаркенттің бірнеше дәмханасы мен лағманханасының аспаздары дүнгендер мен ұйғырлардың ұлттық тағамын дайындап, шеберліктерін ортаға салды.

Әр ұлттың тағамын жеу оңай. Ал, оны дайындай білу ол үлкен өнер. Өзге ұлттың ас мәзірін әзірлей білу, ол сол ұлттың тарихымен, салт-дәстүр, мәдениетімен танысумен бірдей.

Мұндағы аспаздар лағманның 10-нан астам түрін дайындай біледі. Лағман созудың да өзіндік әдістері бар. Үзбей созса, қамырдың ұзындығын 20-30 метрге жеткізуге болады. Ал, ең қызығы, италиялық спагеттидің түп-тамыры осы лағманнан тараған көрінеді. Қытай еліне барған сапарында атақты саяхатшы Марко Поло осы маңдағы ұлттардың дастарханына тәнті болған деседі.

Ясынжан Умаров, кәсіпкер:

- Марко Поло келген кезде осы тағамды көріп, ары қарай Италияға апарып, сол жақта жариялаған. Содан ары қарай Италия жақта оны спагетти, паста деп айтып шығаратын болған.

Аудан жұртын береке-бірлікке бастаған күзгі жиын-терім мерекесінде барлық ауылдар белсенділік танытты. Қоғамдық ұйымдар, этно-мәдени бірлестіктер өнерлерін ортаға салып, көпшілікті көзайым етті.

Жазиралы Жаркент өңірінде жүгері ору науқаны басталды. Мерекеде бір марқайып қалған ағайын енді дала аруын жинауға кіріседі.

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу