Мектептегі асханалар талапқа сай тамақ бере ме? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мектептегі асханалар талапқа сай тамақ бере ме?

01.10.2018

Еліміздің мектептерінде оқушылардың жаңа стандартпен тамақтанып жүргеніне бір ғана ай болды. Алайда, көп кешікпей бұл мәзір де өзгеруі мүмкін. Себебі, жаңа мәзірдің кейбір тамақ түрлеріне қатысты ата-аналар мен кәсіпкерлердің арасында дау туды. Бұл мәселені «Нұр Отан» партиясы өз қолына алмақ. Мектеп асханаларын жаңғыртып, балалардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз ету - бас партияның басты жобаларының бірі. Осыған орай, ел бойынша ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Бүгін «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен жиында осы бастаманың жүзеге асырылу барысы талқыланды.

Сәуле Алдамұратқызы, тілші:  

- Әдетте Астана мектептеріне ата-аналардың кіруі қиын, әсіресе асханаға. Маған бүгін кірудің сәті түсті. Осы мүмкіндікті пайдаланып, оқушылардың не жеп жүргенін көремін. Бір жағынан өзімнің де баламның қалай тамақтанып жүрген біліп аламын. Сәлеметсіз. Бүгінгі ас мәзіріне не бар?

Жаңа стандарт бекерден-бекер енгізілген жоқ. Мамандардың зерттеуінше мектеп жасындағы балалардың ас қорыту жүйесіне қатысты аурулар көбейген. Одан бөлек, 14 жасқа дейінгі жасөспірімдердің әрбір бесіншісі артық салмақтың зардабын тартып отыр. Сол себепті қазір тамақтың көбі буға піседі.

Эльмира Шәкіржанова, аспаз:

- Бүгінгі тамаққа бізде суға піскен тауық еті, қарақұмық жармасы суға бұқтырылған. Күріш, макарон, пюре жақсы желінеді.

Жаңа ас мәзірі бойынша шылқыған майға піскен ет қолданылмайды.  Ащы дәмдеуіштер де: сірке суы, қыша, ақжелкек те тамаққа араласпауы тиіс. Есесіне, аптасына екі рет бал мен сүт, жұма күні ірімшік беріледі. Ал бейсенбі - балық күні. Олардың өзі жіті бақылаудан өтеді.

Дегенмен, ата-аналар жаңа тағам түрлері де талғамсыз беріледі,- дейді.

Елімізде тегін тамақ Астана, Алматы, Қарағанды қалаларында ғана беріледі. 0 және 4-сыныптар мен аз қамтылған отбасылардың балалары. Бір ғана Астанада 80 мыңға жуық оқушы тегін тамақтанады. Бұл әрине, ата-анаға көп көмек. Алайда кейбір асханалар талапқа сай келмейді. Мұны бүгін арнайы жиын өткізген «Нұр Отан» партиясының өкілдері де растап отыр.

Жиында кәсіпкерлер де өз ұсыныстарын жеткізді. Айтуларынша, жаңа ас мәзірінің  құрамына қымбат қоспалар енген. Алайда, оған кететін шығын есептелмепті.

Мектептердің асханасына кез келген уақытта кіре алмайсыз. Бұған    кәсіпкерлерді бақылауға жарияланған мораторий себеп. «Нұр Отан» партиясы бұл мәселені құзырлы органдармен бірлесіп шешпек. Мәулен Әшімбаев тегін тамақтан бөлек, сатылымдағы ас мәзірінің де жіті қадағалауда болатынын жеткізді. Қазір ол бойынша кейбір мектептерге  жаңа жоба енгізілген. Оған Астанадағы №4 мектеп мысал. Білім мекемесінде пилоттық жоба  ретінде 120 баланы «ланч бокс» деп аталатын арнайы ас мәзірімен тамақтандырады. Бір күндік ішіп-жем 310 теңге. Жобаның ерекшелігі сол, оқушылар еңбектенуге үйренеді.

Зүлфия Шыныбаева, №4 мектеп мұғалімі:

- Бұрын жүгіріп барады да жеңіл-желпі тамақ жей салатын. Ал қазір асханаға жүгіру жоқ. Балалар құнарлы тамақты жейтін болғандықтан ондай қосымша тамақты талап етпейді. 5-6  сабақта бұлар шаршап отыратын. Соңғы уақыттарда шаршау байқалмайды. Сабаққа деген белсенділіктері жоғарылады. 

Қазір «Нұр Отан» партиясы  білім басқармаларымен бірігіп осы секілді бірнеше жобаны жүзеге асырып жатыр. Қайсысы тиімді, қайсысы пайдалы сол жоба жаңа жылдан бастап бүкіл мектептерге енуі мүмкін. Мәулен Әшімбаев мамандарға бір айдың ішінде жаңа құжаттың концепциясын дайындауды тапсырды. Ал әзірге балалар енбей жатып ескіге айналған ас мәзірімен тамақтана тұрады.

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу