Ақтауда менингококк жұқтырған әскери жедел түрде ауруханаға жатқызылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда менингококк жұқтырған әскери жедел түрде ауруханаға жатқызылды

01.10.2018

Өткен көктемде және жазда елімізде белең алып, біраз адамның қазасына себеп болған менингококк инфекциясын жұқтырған сарбаз Ақтауда облыстық ауруханада хал үстінде жатыр. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін барлық қажетті көмекті көрсетуде. Алайда, оның жағдайы ауыр. Қазір жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

№6656 әскери бөлімінің 21 жастағы сарбазы осыдан 5 күн бұрын өзін жайсыз сезінген екен. Дене қызуы көтеріліп, тұла бойы бөрітіп кеткен. Кеше кешке ол облыстық ауруханаға жатқызылды. Компьютерлік томография бас миының тітіркенгенін көрсеткен. Қазір науқас 2-дәрежелі церебралді комада жатыр. Ал, әскери бөлімде карантин жарияланған.

Болат Қаюпов, Маңғыстау облыстық аурухананың директоры:

-Бұл - менингококк инфекциясы. Жаңа ғана қажетті талдауларды алдық. Сондықтан, жұқпаның қай түрі екенін кейін айтатын боламыз. Қазірдің өзінде барлық клиникалық белгілер аталған ауруға тән.

Денсаулық сақтау министрлігі соңғы күндері еліміздің әр өңірінде тіркеліп жатқан менингитке қатысты ақпарат берді. Ақтаудағы сарбазбен бірге борышын өтеп жатқан 350 сарбаз да медициналық бақылауға алынған. Бірақ, әзірге диагнозы нақтыланған жоқ. Жалпы республика бойынша өткен айда іріңді менингитке шалдыққан бірнеше науқас анықталған. 

А. ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

            

Хабарламаларға жазылу