Тау-кен комбинатында титан-цирконий құмы өндіріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тау-кен комбинатында титан-цирконий құмы өндіріледі

03.06.2014
Тау-кен комбинатында титан-цирконий құмы өндіріледі
Солтүстік Қазақстан облысындағы шетелдік инвесторлардың қаржысына салынған тау-кен комбинатында негізінен титан-цирконий құмы өндіріледі. Мұндай титанды минералдар қосылған металдар мен түрлі заттар жоғары температура мен қысымға өте төзімді келеді.
 
Сондықтан химиялық өнеркәсіпте кеңінен қолданылады. Шетелдіктердің қызығушылығын тудырып отырған аса бағалы өнім толықтай экспортқа шығарылуда.  
 
Ерғали Қалдыбаев тау-кен комбинатында 8 жылдан бері шебер болып қызмет атқарып келеді. Осы өңірдің тумасы болғасын жаңа кәсіпорын ашылғанда ойланбастан жұмысқа келген. Біріншіден жұмыс үйдің іргесінде, екіншіден жалақысы жоғары, әрі тұрақты. Тұрмысты түзеп, отбасын асырауға жетіп жатыр.
 
Ерғали Қалдыбаев, шебер:
Осы комбинаттың орналасқан жеріндегі, жақын ауылдардағы адамдары бірге істейді. Таңертең алып кетеді, кешке алып келеді. Жалақысы жақсы.
 
Тау-кен комбинаты шетелдік инвесторлардың қаржысына салынған.   Қазір бұл кәсіпорында 250 адам тұрақты жұмыс істейді. Айына 1,5 мың тонна титан-цирконий құмы өндіріледі.
 
Тек былтыр ғана 566 миллион 823 мың теңгенің өнімі шығарылды. Минералдық ұнтақтардың басым бөлігі негізінен Қытай еліне экспортталады.
 
Владислав Дюдин, кәсіпорын бас директорының орынбасары:
2,5 жылдан бері «Қазатомпром» ұлттық компаниясымен сирек кездесетін элементтер өндірісі бойынша тығыз жұмыс істеудеміз. Бұл элементтер цирконий құмы құрамынан табылды. Біздің зауыттың ерекшелігі әлемде тек біздің комбинатта ғана шикізаттың көлемі 35-40 микрон ғана. Сондықтан қажетті құрылғыларды орнатуға 5 жыл уақыт жұмсалды.
 
Мамандардың айтуынша, барлау жүргізілген аумақтағы кен 2028 жылға дейін жетеді. Алайда мамандардың айтуынша жердің астында пайдалы қазбалар бұдан да көп болуы тиіс.
 
Сондықтан болашақта қуаттылығы тәулігіне 1200 тонна құм өндіруге жететін зауыт салуды жоспарланып отыр. Бұл жоба іске асса жұмысшылар саны 600 адамға жетіп, жергілікті бюджетке салықтан түсетін қаржы көлемі де еселене түспекші. 
 
 
Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу