Сот жүйесі мен құқық қорғау органдарын цифрландыру – бірінші кезекте саладағы ашықтықты қамтамасыз етеді. Осы тақырыпты талқылауға арналған дөңгелек үстелде Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов осылай деді. Оның айтуынша, бүгінде азаматтық талап арыздардың 91% электронды түрде беріледі. 6,5 млн. сот актісі интернетте қолжетімді болса, «Сот кабинеті» қызметін қолданушылар саны соңғы үш жылда 7 есе артып, 272 мың адамға жеткен. Сондай-ақ, дөңгелек үстел барысында қылмыстық сот ісін жүргізуде инновациялық технологияларды қолдану, электрондық форматтағы қылмыстық істерді тергеу, «Е-сараптама» жүйесін әзірлеу сияқты ең өзекті мәселелер болды. Жиын соңында сот және құқық қорғау органдарын одан әрі цифрландыру бойынша қарар әзірленді.
Жақып Асанов, ҚР Жоғарғы сот төрағасы:
- «Сот төрелігінің жеті түйіні» шеңберіндегі SMART-сот бағдарламасының сәтті іске асырылып жатқандығын атап өтті. Аталған бағдарлама соттардың IТ-қызметін қолданудағы қанағаттанушылықтың жоғары деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған. Осы орайда соттар жұмысына блокчейн, ауқымды деректермен жұмыс және жасанды интеллект технологияларын енгізу жоспарланып отыр. Аталған іс-шаралар Корея, Сингапур, Қытай және Біріккен Араб Әмірліктері соттарын цифрландыру тәжірибесі негізінде жүргізілуде.
Досымжан ЕРМҰРАТ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.