Ақмола облысында әлемдегі ең ұзын кәуап дайындалды. Бұл шара Макинск қаласындағы құс фабрикасының ашылуына орайластырылды. Жаңадан іске қосылған кәсіпорын тауық етін шығаратын Орта Азиядағы ең ірі зауыт. Жылына 50 мың тонна ет өндіреді.
Макинск құс фабрикасы жұмысын бастады. Бұл 34 миллиард теңге жұмсалған инвестициялық жоба. Зауыттағы жұмыс бірнеше өндірістік кезеңге бөлінген. Ол үшін қажетті кешендер бар. 48 құс қорасы салынған. Алдағы уақытта оның саны екі есеге ұлғаяды. Құсқа қажетті қорек те кәсіпорында шығарылады.
Серік Толықбаев, «Aitas» холдингінің бас директоры:
- Биыл қазаннан бастап тауарымыз тікелей сатып алушыларға барады. Жоспарлағанымыз жылына 50 мың тонна ет өндіреміз. Бірақ, биыл 2018 жылы 25 мың тонна, одан кейін 2020 жылы, 2019-дың аяғында, 2020 жылдың басында 50 мың тоннаға шығамыз.
1000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Зауыт өнімдері солтүстік облыстарда, Астана мен Қарағандыда саудаланбақ. Өндірістің іске қосылуына байланысты Макинск қаласында құс етінен кәуап дайындалып, әлемдік рекорд жаңартылды. Бұған дейінгі рекорд сингапурлықтарға тиесілі екен. Олар 140 метрлік кәуап әзірлепті. Тағамды дайындауға 200-ге жуық адам жұмылдырылып, 420 келі ет жұмсалды. Рекорд орнату сәтін «Гиннесс» кітабынан келген мамандар бақылады.
Паолина Сапинская, «Гиннесс» рекордтар кітабының өкілі:
- Бүгін Макинск қаласында болғаныма қуаныштымын. 2018 жылдың 28 қыркүйек күні Қазақстанның Макинск қаласында әлемдегі ең ұзын кәуап дайындалғанын ресми түрде растаймын. Оның ұзындығы – 223 метр 60 сантиметрді құрады. Бұл жұмысқа атсалысқандарды шын жүректен құттықтаймын.
Қазір еліміздегі кәсіпорындар құс етімен ішкі нарықтың жартысын қамтамасыз етіп отыр. Ал, қалғаны сырттан келеді. Макинск құс фабрикасы толық жұмыс істеген кезде, нарықтағы отандық өнімнің үлесі 80 пайызға жуықтайды.
Ермек ЕЛБЕРГЕН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.