Теміртаудағы офицер кісі өліміне күдіктіні ізін суытпай ұстап алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теміртаудағы офицер кісі өліміне күдіктіні ізін суытпай ұстап алды

27.09.2018

Теміртау қаласындағы Ұлттық ұланның офицері Данияр Бектібаев кісі өліміне күдіктіні ізін суытпай ұстап алды. 5516 әскери бөлімінің аға лейтенанты дәл сол кезде қылмыс жасалған дәмхананың маңынан өтіп бара жатқан.

Данияр Бектібаев 22-ші қыркүйек күні түскі асқа үйіне келе жатқан. Сенбі болғандықтан базар маңы жәрмеңке жағалаған жұртқа толы болыпты. Кенет жақын жердегі дәмханадан шу шыққан. Кафеде кісі өлімі болғанын білген бойда куәгерлердің нұсқауымен кідірместен күдіктінің соңына түскен. Алысқа ұзап үлгермеген оны қуып жетіп, қоян-қолтық ұрыс әдісін қолдану арқылы тырп еткізбей қойған.

Кейін кафе қызметкерлері полиция шақырып, күдікті құзырлы орган өкілдеріне тапсырылған. Аға лейтенант Теміртау қаласындағы Ұлттық ұланның  5516 әскери бөлімінде қызмет етеді. Басшылары жұмысқа деген жауапкершілігі мен ер азаматқа лайық өзге де жеке қасиеттерін ескеріп, патрульдік взводтың командирі етіп тағайындаған.

Дамир Бекбауылов, 5516 әскери бөлімінің командирі:

- Біздің Ұлттық ұланның офицері Данияр Бектібаев оқыс оқиға кезінде дұрыс шешім қабылдап, ер азаматқа тән өжеттік танытты. Ол қызмет барысында жауапкершілігі жоғары, сыйлы азамат. Мен әскери бөлімнің командирі ретінде «Орталық» өңірлік қолбасшылығына аға лейтенантты наградаға ұсыну жөнінде хат жолдадым.

Кісі өліміне күдікті қазір қамауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Оның бұған дейін де қылмыс жасап, істі болғаны анықталды.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу