Қостанайда 300 мың теңгеге бағаланған контрафактілі тауарлар жойылды. Әлемге белгілі брендтердің таңбасымен сатылған доп, кубок, спорттық аяқ киімдер, тұрмыстық химиялық өнімдер сияқты заттар шынжыр табанды трактормен тапталды. Барлығы 170 дана. Бұл осы жыл ішінде Әділет департаменті қызметкерлері анықтаған зияткерлік меншік құқығын бұзу фактілерінің бір парасы ғана.
Екі ай бұрын Қостанайдағы дүкендердің бірінен ыдыс жуатын сұйықтық құйылған жүзден астам бөтелке тәркіленген. Оның бәрі танымал сауда белгісінің атын жамылған жалған тауарлар болып шықты.
Талғат Қарабеков, Қостанай облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары:
- Ағымдағы жылдың 9 айы қорытындысы бойынша 12 тексеріс өткізілді. Соның 7-еуі бойынша фактілер анықталып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 158-ші бабы бойынша хаттама толтырылып, материалдарды сотқа жөнелттік.
Дәуренбек ӘБДІБЕК
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.