Еңбекке қауқарлы, білікті мамандар қазір түрлі салада еңбек етіп жүр. Оларға баспана алып, қоныстануға жергілікті атқарушы билік тарапынан барынша қолдау көрсетіліп жатыр.
Былтыр ғана Алматы облысынан көшіп келген Талғат Мұсабаев қазір 20 шақты ірі қара ұстап отырған шаруалардың бірі. Көтерме ақыға баспана сатып алып, үй-жайын реттеген соң ешкімге алақан жаймай бірден іске кірісті.
Талғат Мұсабаев, қоныс аударушы:
- Бірінші қызыққаным, ауа райы ұнады, бұл жақта салқындау, бізде ыстық. Екінші, мал жайылымы мұнда жетеді. Үкімет көмек беріп отырған соң мал шаруашылығымен айналысайын деп келіп отырмыз.
Ал, Мейірбек Әшірбеков осыдан 3 жыл бұрын түстіктен көшіп келген. Жергілікті шаруа қожалығында еңбек етеді. Тұрақты жұмысы, өздеріне жетерлік жалақысы бар.
Мейірбек Әшірбеков, қоныс аударушы:
- Елде баспанамен қиын болды. Жас отбасы болған соң үйсіз жүргенше, бағдарлама арқылы солтүстікке барайық деп шештім. Мұнда шаруашылық атынан сый ретінде баспана берді. Қазір сонда тұрамыз. Жұмысым ұнайды.
«Осының бәрі - мемлекеттік бағдарламаның жемісі», - дейді қоныс аударушылар. Өйткені, халқы тығыз қоныстанған оңтүстіктен гөрі теріскейде мүмкіндік мол. Әсіресе, кәсіп ашамын деушілерге қолайлы.
Алма Махметова, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:
- 1049 адамның ішінен 486 адам жұмысқа қабілетті. Олардың 255-і жұмысқа орналастырылды. Ал, қалғандары өз істерімен айналысуда.
Көшіп келген азаматтар бүгінде облыстағы 224 елді мекенде тұрып жатыр. Оларды жұмысқа орналастыру, баспанамен қамту мәселелері толық шешілген.
Былтыр облысқа 203 отбасы көшіп келсе, биыл қабылдау квотасы 4 есеге көбейді. Жыл соңына дейін 700-ге тарта отбасы келмек. Бағдарлама талаптарына сай отбасының әр мүшесіне 85 мың теңге көлемінде субсидия беріледі.
Сағындық СӘБИТҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.