Шалғайдағы Шөмішкөлде мәселе көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шалғайдағы Шөмішкөлде мәселе көп

25.09.2018

Қызылорда облысындағы Шөмішкөл ауылына балабақша керек. Елді мекендегі қазір жұмыс істеп тұрған жалғыз тәрбие орны ешқандай талапқа сай келмейді. Ғимарат ескі, әбден тозығы жеткен. Санаулы бөлмеде саналы тәрбие беруге мүмкіндік жоқ.  Жалпы шалғайдағы Шөмішкөлде мұнан өзге де проблема жетерлік. 

Ауылға апарар жолдың сиқы мынау. Дарияның үстіне салынған қалқымалы көпір, онан кейін соқпақ жол,  аяқ бассаң шаң көтеріледі, әупірімдеп әзер жетесің. Елді мекен ішіндегі көшелер де оңып тұрған жоқ.

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

-Ауыл көшелерімен анау-мынау көлік жүре алмайды. Тас төселмеген, қара жол. Жаңбыр жауса, батпақ, қыс болса, омбы қар басып, тіпті үйден-үйге қатынай алмай қалады. Сондықтан, әрбір үйде мотоцикл бар. 

Толыбай Әбілдаев, Шөмішкөл ауылының тұрғыны:

-Қыста талай машина, мотоцикл шыққан жерінде батып, әр жерде қалып, бір-бірімізге әупірімдеп, үйімізге әрең дегенде келетінбіз.

Жол мәселесі  айтыла-айтыла  жауыр болған. «Бірақ, сонда да  осы күнге дейін ешкім назар аудармады», - дейді халық.  Өйткені, ауылда мұң-мұқтажды жоғары жаққа жеткізетін, халықтың сөзін сөйлейтін  әкім де, әкімшілік те жоқ.     

Сол 700-ге жуық халықты тағы бір толғандырар мәселе-балабақша жайы. Бұрынғы мектептің ескі ғимаратында орналасқан бөбекжайда қазір 40 бала тәрбиеленіп жатыр. Бірақ, өкініштісі, бұл жердің тәрбие орны деген аты ғана.

Светлана Шағылшаева, балабақша әдіскері:

-Мынау ересектер тобы. Өздеріңіз көріңіздер, ойын бөлмесі, бір жағы сабақ болады. Мінекей, балалар, барлығы бір бөлмеде отырып, тамақты да осы жерде ішеді. Тамақтану бөлмесі, дәретхана жоқ.

Жан-жақтан мұқтаждарын айтып, шуылдаған балабақша қызметкерлерінің ортақ мәселесі осы. Аудан әкімі бұл проблемалардың  барлығымен жақсы таныс екенін айтады. Жол  салу үшін алдымен жобалық-сметалық құжаттар әзірленуі керек, онан кейін ғана бюджетке ұсыным беріледі.  «Алдағы уақытта әкімшілік жайын шешуге де тырысамыз», -  дейді. 

Жаңа балабақшаның  да  қашан салынары нақты белгісіз. Себебі, Арал ауданы орталығында апатты жағдайдағы үш  мектепке дейінгі мекеме ғимараты бар. Атқарушы билік қазір солардың  мәселесін  шешуге тырысуда.  Ал, шөмішкөлдіктерге күтуге тура келеді.  

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу