Қазақы өнерді әлемге танытқан - Айшолпан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақы өнерді әлемге танытқан - Айшолпан

21.09.2018

«Маған Қазақстан ұнады. Өйткені, мен қазақпын ғой». Бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен мәслихат кезінде Моңғолияның Бай-Өлке аймағынан алғаш рет атамекенге ат басын тіреген бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызы осылай деді. Осы шара барысында «Qazaqstan» ұлттық арнасының тапсырысымен түсірілген «Көшпенділер» деректі фильмінің алғашқы бөлімінің таныстырылымы өтті. Тұсаукесер туынды осы Айшолпан Нұрғайыпқызына арналған.

Бұл баспасөз мәслихаты басқалардан өзгерек. Тіпті, төрдегі спикердің өзі басына бөрік, үстіне түлкі ішік, аяғына оюлы етік киіп, қолына бүркіт ұстап тұрса таң қалмасқа амал жоқ. 13 жасында жарқы етіп жаһанға танылған Айшолпанды Қазақ елі көптен күткені анық.

Айшолпан Нұрғайыпқызы, бүркітші:

- Әлемді шарласам да, Қазақстанға барып көргем жоқ. Қазақстанға барғым келеді. Онда кісілер қалай өмір сүреді екен, бәрін тамашалап білгім келеді.

Айшолпанның арғы бетте отырып осылай деген бір ауыз сөзі иісі Қазақ атаулының жүрегін елжіреткені рас. «Qazaqstan» ұлттық арнасы мен «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорымен бірлесіп, атақты бүркітшіні Қазақстанға алып келді.

Бұдан бұрын АҚШ-тың Гарварды мен ағылшынның Оксфорды Айшолпанға есіктерін айқара ашып, «кел» деп грант ұсынғанын айтқанбыз. 12 сыныпта оқитын атақты қарындасымызға «Білім-инновация» қорының президенті Дархан Өте 1 жылдық грант ұсынып, Астанада білім алуға шақырды.

Айшолпан ұсынысты жылы қабыл алғанымен әзірге нақты жауабын айтқан жоқ. Шара барысында «Көшпенділер» фильмінің алғашқы сериясы да таныстырылды. Деректі фильм Айшолпан Нұрғайыпқызы жайлы баяндайды.

Айшолпан анасы екеуі алдағы бір апта Қазақстанды аралап, «Білім-инновация» қорына тиесілі мектеп оқушыларымен кездесуі жоспарланған.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу