ЕАЭО туралы әлемдік БАҚ өкілдері не дейді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ЕАЭО туралы әлемдік БАҚ өкілдері не дейді?

02.06.2014
ЕАЭО туралы әлемдік БАҚ өкілдері не дейді?
Астанада Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімге қол қойылуы әлемнің жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі тақырыбына айналды. Маңызды оқиғаға қатысты күн сайын түрлі пікірлер туындап жатыр.
 
Ресейдің іскерлік «Взгляд» газетінде АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына қатысты пікірі келтірілген. Құрылым өкілінің сөзінше, АҚШ еркін сауда мен экономикалық интеграцияның өз жолын таңдауды қолдайды. Мақала былай түйінделген:
 
«ЕЭО-тың құрылуы мүше-мемлекеттерді интеграцияның жоғары деңгейіне шығарады. ТМД кеңістігінде экономикалық дамудың қуатты орталығына айналатын ең ірі ортақ нарықтың қалыптасуы аяқталды».
 
Ал, «Газета» басылымы Ресей Федерациясы премьер-министрінің бірінші орынбасары Игорь Шуваловтың мәлімдемесін жазған.
 
«Еуропамен ортақ экономикалық кеңістікті құру мәселесін Еуроодақ Еуразиялық экономикалық одақ форматында шешу қажет».
 
«Биржевой лидер» онлайн-журналында ЕЭО аясында жаңа одақтардың құрылу мүмкіндігі туралы мақала жарық көрді. «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қаржылық және валюталық одақ құрылуы мүмкін».
 
 «Tengrinews.kz» порталының мәліметінше, Қырғыз елі ЕЭО-қа кіру үшін Қазақстанның қаржылай көмегіне үмітті.
 
«Қырғыз үкіметі Кедендік одақ пен ЕЭО-ға мүше болуға Қазақстанмен қаржылай көмек туралы келісімге қол қоюға дайындалып жатыр», делінген порталда.
 
«New Times» порталында жарияланған мақала «ЕЭО Дүниежүзілік сауда ұйымы ережелеріне сай қалыптасты. Сондықтан, экономикалық емес шаралар қысқа мерзімді сипатқа ие» , деп басталған.
 
«ЕО мен АҚШ-тың Ресейге қарсы жариялаған санкциялары ЕЭО-тың қызметіне еш ықпалын тигізбейді», деп түйіндейді мақаланы.
 
Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу