Еліміздің астықты өңірлерінде егін жинау науқаны қызу жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің астықты өңірлерінде егін жинау науқаны қызу жүріп жатыр

20.09.2018

Ақмолалық диқандар бүгінге дейін алқаптағы астықтың жартысынан астамы, нақтырақ айтсақ, 54 пайызын жинап алды. Олар ауа райы жақсы болып тұрғанда қимылдап қалуға тырысуда. Себебі, қыркүйекте жауын-шашын көп болғандықтан, орақ науқаны жоспардағыдан кешеуілдеп тұр. Дегенмен, диқандар мол өнім алудан ниетті. Биыл Ақмола облысында 5,5 миллион тоннаға жуық астық жиналады деген болжам бар.

Бұл комбайндар күні-түні алқаптарда жүйіткіп жүр. Жаңа болғандықтан, өнімділігі жоғары. Орақ науқанына облыс бойынша 8,5 мың комбайн жұмылдырылған. 

Ғалымбек Хасенов, комбайн жүргізушісі:

- Комбайн жаңа. Ақырын-ақырын алып жатырмыз. Күніне 50 тонна, 30 гектар аламыз.

Биыл облыста 4,7 миллион гектарға түрлі дақылдар егілген. Жыл сайын алқаптар әртараптандырылып, майлы дақылдардың үлесі артуда. Дегенмен, басты өнім бидай болып қала бермек. Диқандар осы өнімнің сапасына көңіл бөледі.

Таласбек Шекенов, бас агроном:

- Биылғы егін былтырғымен салыстырғанда сапасы кішкене төмендеу. Неге десеңіз, күннің көзі биыл шамалы болды. Жылу аздау болды. Жауын мол болды. Соған қарамастан, өсірдік. Жинап жатырмыз, міне. Кликавинасы 23 процент 3 класпен өтіп тұр. Салмағы да мемлекеттік стандартқа сәйкес келіп тұр.

Ақмола облысындағы алқаптардағы шығымдылық деңгейі әр түрлі. Оның бірнеше себебі бар. Балл бонитет, ауыспалы егістік және де осы егінді еккен кездегі барлық технологиялардың сақталуы өзінің әсерін тигізген. Мәселен, кейбір алқаптарда 1 гектардан 40 центнер өнім алынса, енді кейбіреулерінде 10 центнерден сәл ғана асады. Ал, облыстағы орташа көрсеткіш 13 центнер шамасында болмақ.  

Биылғы бидайда ылғал көп. Сондықтан, астықты дұрыс кептіруге күш салмақ. Диқандар үшін бұл артық шығынды талап етеді. Сондықтан, облыс Энергетика министрлігіне қосымша 25-30 мың тонна жанар-жағармай бөлуге өтініш жолдады. 

Ержан Бектұров, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Ақмола облысында сыйымдылығы 4,4 миллион тонна болатын 67 астық қабылдау бекеті бар. Олардан бөлек, шаруашылықтарда 1,9 миллион тоннаны құрайтын сақтау орындары қарастырылған. 240 бидай кептіргіш жұмыс істейді. Олар элеваторлар мен қабылдау мекемелерінде орналасқан. 

Синоптиктер алдағы күндері жаңбыр жауады деп болжауда. Сондықтан, алқап басындағы жұмыс кешеуілдеуі мүмкін. 

 

Ермек ЕЛБЕРГЕН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу