Павлодар облысында 8 жылға созылған «Май» топтық су құбырының құрылысы қайта басталды. Бұл елді мекендерді ауызсумен қамтуға арналған өңірдегі ең ірі инвестициялық жоба болатын. Жалпы құны 3 млрд. теңгеге жуық. Бірақ, жергілікті деңгейде мәселе шешілмей, уақыт созылып кетті. Сондықтан, биыл республикалық бюджеттен мемлекеттік сараптама жасалып, «ҚазСуШар» кәсіпорынына жұмысты аяқтау жүктелді.
Бұл аумақтағы жұмыстың басталғанына екі ай болды. Осы уақытта негізгі магистральдің құрылысы 90 пайызға аяқталды. 14 жерден су тартатын станциялар салынды. 60 шақырым жерге құбыр төселді.
Әріпхан Байбөреев, Қ.Сәтбаев атындағы канал филиалы директорының орынбасары:
- Қазіргі таңда 800 млн. теңгені игеруді аяқтап жатырмыз. Бірақ, бізге қосымша қаржы бөлеміз деп жатыр. Негізі 1 қарашаға дейін магистральді трассаның 146 шақырымын түгелдей бітіреміз.
Құрылысқа жауапты бас мердігер де әрі тапсырыс беруші де мемлекеттік мекемелер. Топтық су құбыры салынып біткен соң «Казақстан су шаруашылығы» мекемесінің иелігінде болады. Яғни, 11 мыңға жуық тұрғыны бар 15 ауылды орталықтандырылған ауызсумен қамту, құбырларды күту және дұрыс пайдалану, тарифті бекіту бәрі мемлекеттік мекеменің құзырында.
Арман Оспанов, «ҚазСуШар» РММ облыстық филиалының учаске басшысы:
- Жаңа технология бойынша жасалған құбырларды салып жатырмыз. Мықтылығы сондай олар 28 атмосфералық қысымға төтеп береді. Сорғылар қосылатын жіктердегі құдықтар пластиктерден жасалған. Суды да, шаңды да өткізбейді. Барлық жұмыстарды компьютер арқылы бақылап отырамыз.
Сегіз жыл бұрын «Май» топтық су құбырын салмақ болған жекеменшік компания жұмысты бастады да тастады. Іс сотқа беріліп, осы күнге дейін созылды. Жақында іске кіріскен бас мердігер орталық магистральді биыл аяқтап, ендігі жылы ауыл ішіндегі желілерді саламыз деп отыр. Дегенмен, халықты сапалы ауызсумен қамту бойынша аймақ соңғы орында тұр. 300-ге тарта елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне әлі қосылмаған.
Болат АМАНБАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.