Мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы Мұса Шормановтың туғанына биыл 200 жыл. Осыған орай, тарихи тұлға туған Баянауыл ауданы Теңдік ауылында мемориалдық кешен ашылды. Бір қызығы, алақандай осы ауылда арғысы Бұқар жырау, Мұса Шорманов, бергісі Қаныш Сәтбаев бастаған бірнеше академик, алтын адамды алғаш тапқан Кемел Ақышев дүниеге келген.
Мұса Шормановқа арналған мемориалдық кешен 500 шаршы метрді алып жатыр. Кесененің биіктігі 9 метр. Ақтаудан әкелінген ұлутастан соғылды.
Алтынбек Нұхұлы, ПМПУ ректоры:
- Жоғары жағынан қарағанда Мұса сұлтан болған кісі. Ендеше сұлтанның өзінің тәжін басына киіп тұрғандығын көрсетеді. Екінші, жан-жағында кітаптар. Осы арқылы ағартушылық қасиетін көрсеттік. 1885 жылы қойылған зират бейіті ескерткіш ретінде қалсын деп жеке қойдық.
Мұса Шорманов 50 жыл бойы елге қызмет қылған қайраткер. Баянауылда 15 жыл қатарынан дуанбасы болды. Сол кезде қазақ жастарының білім алуына көп көңіл бөлді. Алдымен медресе салдырады. Онда ең алғаш сабақ алған Мәшһүр Жүсіп болатын. Кейін қазақ-орыс мектебін аштырды.
Залмұқан Арынов, Еңбек ардагері:
- Елдің бірлігін, халықтың білімге деген құштарлығын әрдайым алға қойып, өзінің еліне, жеріне, табиғатын сүюге, білімге шақыру арқылы көзімізді ашқан бабамыз.
Орыс патшасынан полковник шенін алған Мұса Шорманов Ресеймен тығыз қарым- қатынаста болды. Оны Петербург пен Мәскеу ғалымдары жақсы танитын. Себебі, өз елінің этнографиялық ерекшеліктерін зерттеп, Сібір газеттеріне еңбектерін жариялап отырды. Мұса Шорманұлы қазақ, орыс тілінен бөлек, француз тілін жақсы білген. Соның арқасында Парижде болған үлкен көрмеге қазақ жылқысын апарып, бүкіл Еуропаға танытты.
Болат АМАНБАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.