Қазанның бірінен бастап жұқа полиэтилен пакеттерді шығаруға тыйым салынады. Бірақ, біздің елімізде емес, Грузияда. Ал, келер жылы гүржілер - зияны көп пакеттерден мүлдем бас тартпақшы. Жалпы, әлемнің 100-ден астам елі полиэтилен құлдығынан шығып, оны экологиялық пакеттерге алмастырған. Ал, Қазақстан бұған дайын ба?
Астана – ұшып жүретін пакеттер қаласы. Халық арасында қалжың-шыны аралас сөз тарап кеткелі біраз болды. Ал, мына мәліметтер көңіліңізді көтермейді, керісінше, терең ойға қалдыруы тиіс. Пакеттердің осылай далада шашылып жатуы әлем бойынша жыл сайын 1 млн. құс пен 100 мыңдаған жануар мен балықтың өліміне әкеп соғады екен.
Жылда адамзат триллиондаған полиэтилен қапшықты қолданады. Миллиондаған тонна болып теңіз-мұхиттарға төгіліп жатқан қоқыстың басым бөлігі де полиэтилен. Келешегін ойлаған елдер оны пайдалануға тыйым салып жатыр. Ең қатал жаза Кенияда. Онда полиэтилен қолданған адам 38 мың долларға дейін айыппұл төлейді, не 4 жылға түрмеге қамалады. Ал, Оңтүстік Африка, тіпті, пакет сатқандарды 10 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Гонконг, Австралия, Сингапур, Бангладеш, Бельгия, Италия. Енді, міне, бұл тізімде Грузия да бар. Көрші өзбек елі де келер жылы заңды қатайтпақшы. Ал, Қазақстан ше?
Ал, Қазақстанның сауда дүкендерінде әлі де сол көрініс. Тегін пакеттер үйіліп жатады. Астананың ірі сауда орны нан-тоқашты қағаз қапшыққа салуды ұсынып отыр. Алайда, адамдардың дені үйреншікті полиэтиленді таңдайды екен. Целлофан қолданысын азайту үшін сауда орындарының бірен-сараны оны ақылы қылған. Кей тұтынушыларға бұл саясат әсер еткен сыңайлы.
Саналы жұрт бар, әрине. Бірақ, басым бөлігіне әлі де қоқысты бөліп салу, полиэтиленді қолдану мәдениетін үйреткен жөн. Бұл – биліктің пікірі. Сондықтан, Қазақстан тыйым салу шараларына біртіндеп көшуді таңдап отыр. Алғашқы қадам – пакеттерді барлық жерде ақылы қылу.
Айгүл Соловьева, Экологиялық ұйымдар қауымдастығының төрайымы:
- Сонда адамдар ақылы пакет орнына өз дорбасын қолдана бастайды. Осылайша, біртіндеп мүлдем бас тартуға да болады. Немесе полиэтиленсіз болмайды деген салаларда ғана оны қолдануға рұқсат ету. Осындай ережелер қарастырылып жатыр. Сондай-ақ, қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығы жөнінде балабақшадан бастап университеттерде үнемі қозғап тұру керек.
Әлімжан небәрі 8 жаста. Полиэтиленнің зияны туралы зерттеп, саналы түрде одан бас тартқанына екі жыл болды. Былтыр ұстазымен бірге осы тақырыпта ғылыми жоба жазып, еңбегі жоғары бағаға ие болды. Республикалық байқаудың өзін жеңіп алды.
Әлімжан Дулат, Республикалық физика-математикалық мектебінің 3-сынып оқушысы:
- Олар көп жылда шірімейді. Табиғатқа зияны өте көп. Қазақстанда супермаркеттерде полиэтилен пакеттерді ақылы қылуды, полиэтилендік пакеттер орнына экопакеттерді қолдануға болады. Олар тез шіриді де табиғатқа еш зиянын келтірмейді.
Нұргүл Жанаева, Республикалық физика-математикалық мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:
- Ауамыз ластанатынын, оның өсімдіктерге зиянын айта бастадық. Балалардың қызығушылығын тудырып, полиэтиленді қолданбау жөнінде өзіміз шешім іздей бастадық.
Ал, Батырхан Жұманов полиэтилен қапшықтардың баламасын шығарып жүр. Экологиялық таза пакеттер бір жылда шіріп кетеді екен. Азық-түлікті сақтау да пайдалы. Өйткені, құрамында зиянды зат жоқ, жүгері мен картоптың крахмалынан жасалынады.
Батырхан Жұманов, кәсіпкер:
- Айына 5 млн-ға дейін пакет шығара аламыз. Сұранысқа байланысты. Сұраныс үлкен болмағандықтан, қазір айына 100-200 мың пакет шығарып отырамыз. Шикізатты шетелден импорттаймыз да бағасы үлкен болғаннан кейін оның бәрі пакеттің бағасына әсер етеді. Қарапайым пакетке қарағанда қымбатырақ болады.
Мысал үшін полиэтилен пакеттің өз құны 5-7 теңге болса, бионыкі – 25-30 теңге. Сондықтан, сауда орындарынан сұраныс аз. Ал, әзірге кәсіпкер полиэтиленнің орнына әр үйде өз өнімінің болуын армандап жүр.
Альбина ӘШІМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.