Қазалы ауданының тұрғындары жол азабын тартуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазалы ауданының тұрғындары жол азабын тартуда

13.09.2018

Қызылорда облысы Қазалы ауданының тұрғындары жол азабын тартуда. Сырдария өзенінің арғы бетінде орналасқан елді мекендерден аудан орталығына қатынау қиын. Өзен үстіне салынған қалқымалы көпір ескірген. Ал, оған ие болып отырған кәсіпкердің өткелді жеңіл-желпі жамап-жасқауға ғана шамасы жетеді. 

Дарияның арғы бетінде 7 елді мекен бар. Яғни, сол ауылдардың мыңдаған тұрғыны аудан орталығына осы қалқымалы көпір арқылы қатынайды. Ал, бұл көпірдің қойылғанына 10 жыл болған. Содан бері бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпеген. Бірақ, ақылы. Әр көлік, жеңіл автокөлік 100 теңгеден, ауыр жүк көліктері-500 теңгеден ақша төлейді.

Қалқымалы өткел Қазалы аудандық әкімдігінің есебінде болғанымен, сенімді басқаруға жеке кәсіпкерге берілген. Сондықтан, өткелдің қазіргі иесі - Дархан Жайлыханов. Түсіп жатқан ақшаның да қожайыны, өзі алады, өзі жұмсайды.

Дархан Жайылханов, жеке кәсіпкер:

- 6-7 адам ұстап отырмыз. Салығын төлейміз. Техника ұстап отырмыз, соны жөндейміз. Өзінікін өзіне жұмсап, жаратамыз енді.

«Пантон» 2008 жылы жаңартылғанымен, бұл жерден жүрген сайын адам жанын шүберекке түйіп өтеді. Жүрмеске амалы жоқ.

Гүлжамал Қожамқұлова, Қожабақы ауылының тұрғыны:

- Қыстың күні батпақ болады, ал, жазда топырақ, шаң, май топырақ. Көліктерді аяйсың, асты тиіп қалып жатады. Көпірі дұрыс емес.

Қуат Ахметов, Бірлік ауылының тұрғыны:

- Сең келген кезде, мұз келгенде қозғалыс болады. Сол кезде мүлдем жол болмайды. Айнала балшықтап, Қазалыға әрең жетеміз. Азанда шыққаннан 4-терде барамыз.

Тұрғындар дарияның арғы бетіндегі елді мекендерге кіреберіс жолдардың да сын көтермейтінін айтады. Ойдым-ойдым, тесік-шұрық көшемен автобус қатынамайды. Халық 4-5 шақырым жаяу жүреді. Бұл да жұртшылықты әбден титықтатып жіберген. Ал, құзырлы органдағылар мәселенің рет-ретімен шешіліп жатқанын алға тартып отыр. Ауылдарға барар жолды жөндеу үшін республикалық, облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Жақын күндері жұмыс басталады. «Қалқымалы өткелдің орнына көпір салу  да қолға алынды», - дейді.

Қайрат Әбсұлтанов, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- Техникалық, экономикалық негіздемесін дайындауға облыстық бюджеттен 20 миллион теңге бөлініп, қазіргі таңда мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алу жөніндегі тиісті жұмыстар жүргізілуде. ТЭН толыққанды орындалғаннан кейін, республикалық және облыстық бюджетке ұсыныстар, жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге ұсыныс беріледі.

Халық арасында «Қарлан» өткелі аталып кеткен бұл тұсқа көпірдің қашан салынатыны нақты белгісіз. Бірақ, бір ғана Қазалы ауданында осындай үш жер бар. Соның бірі, Әлсейітке көпір салынып жатыр. Ендігі кезек «Қарланда». Халық содан үмітті.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу