Ет экспортының қарқыны төмен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ет экспортының қарқыны төмен

10.09.2018

Ет экспортын еселеуге  кедергі көп. Шаруашылықтар үшін өнімді тасымалдап, шекараға жеткізудің өзі қып-қызыл шығын. Оның үстіне, отандық өнімге сұраныс беріп отырған көрші елдердің санитарлық нормалары әрқилы, ортақ талап жоқ. Тауар өндірушілер өзекті мәселені Павлодарда өткен аймақаралық жиында талқылады. 

Бүгінде  ішкі нарыққа 450 мың тонна ірі қара мал еті қажет. Мұны жергілікті шаруашылықтар толық қамтамасыз ете алады. Дегенмен, ет экспорттау қарқыны төмен. Серік Төлеуғазыұлы Канаданың герефорд тұқымын өсіріп жатыр. Қазір мал басын асыл тұқымды төлінің есебінен көбейтіп, Астана, Алматы қалаларына сатуда. Ал, «премиум»  класты етті экспорттау әзірге мүмкін болмай отыр.

Серік Сүлейменов, асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылық басшысы:

- Қытайға, Ресейге шығаратын өнімдерімізге бүгінгі күні кедергілер аз емес. Бұл енді бірінші кезекте санитарлық нормалар. Қытайдың өз нормалары, Ресейдің өз нормалары, Қазақстанның өз нормалары бар.

Осының салдарынан фермер ет тиелген көліктерін кері қайтаруға мәжбүр болған. Бұл ретте Қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасы кедендік рәсімдеу құжаттарының нақты тізімін дайындады. Тіпті, ет экспорттау үшін қандай малды қасапқа жіберу керегін бүге-шігесіне дейін әзірлеуде.

Қанат Идрисов, Қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасы директорының орынбасары:

- Осы шаруашылықты үлгі ете отырып, біз қазақы ақбас тұқымының бірнеше стандарттарын көрсетіп жатырмыз. Бірі өте ірі, екіншісі тапал болғанымен тұрқы жалпақ. Етті молынан береді. Оның үстіне бір ет, бір май болып келеді. Ал, кейбір мал семіз болғанымен экспортқа өтпеуі мүмкін. Шаруаларға ондай малды өсіру тиімсіз ғой. Соны түсіндіреміз.

Экспортты еселеуге тосқауыл бір бұл емес. Айталық, асыл тұқымды малдың төлін және етін сатқан шаруаға мемлекет субсидия төлейді. Бірақ, оның талаптары жыл сайын өзгере береді. «Бұл құжат үш немесе бес жыл мерзімге жасалса, уақыт жағынан үнемді болар еді», - дейді шаруалар.

Ерболат Батырханов, шаруа қожалығының басшысы:

- Қарамал шаруашылығын ары қарай өркендету үшін шаруаларға көп көмек көрсету керек. Жай қағазбен, ауызбен айтып қаржылай көмек жасалмаса ешқандай нәтиже болмайды. Қазір 1 литр солярканың өзі 210 теңге тұрады. Ары қарай өздеріңіз есептеңіздер. Алдымызда үлкен жұмыстар, қиыншылықтар бар.

Осы себепті, өңірде ет экспортына екпін беру үшін бірқатар шаруа атқарылмақ. Алдымен сырттан келетін өнімдерді тексеру үшін көрші аймақтар мен  Ресей мемлекеті шекарасында аусылдан қорғайтын 7 ветеринарлық пункт орнатылады. Ал, жергілікті шаруаларға мал тұқымын асылдандыру, жем-азық дайындау, мал-дәрігерінің қызметін пайдалану бойынша кешенді көмек көрсетілуде.

Болат АМАНБАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу