Атырауға жұмыс сапарымен барған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев шаһардағы әлеуметтік маңызды нысандардың жұмысымен танысты. Кәсіпкерлермен жүздесіп, пікір алмасты. Сондай-ақ, облыс активімен өткен жиында әлеуметтік жобалардың жүзеге асу барысын талқылады.
«Бизнес Бастау» жобасы аясында аймақта 750 адам оқытылды. Жобаға қатысушылармен кездескен Мәулен Әшімбаев өңірде кәсіпкерлік нысандарының көбейгенін тілге тиек етті. Солардың бірі жылына 500 тонна жүн өңдейтін кәсіпорын. Мұнда сапалы тоқыма өнімдері дайындалады.
«Кедергісіз келешек» жобасы аясында жылына мүмкіндігі шектеулі 1000 адамды емдеп-сауықтыратын мекеме сәтті жұмыс істеп тұр. 5 әлеуметтік бастама аясында салынған 100 орындық студенттер жатақханасына жастар жайғасқан.
Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:
- Негізгі біздің мақсатымыз - жұмыстың нәтижелілігін, нақтылығын күшейту. Елбасының стратегиялық бастамаларының жүзеге асырылуына өзіміздің үлесімізді қосу. Сонымен қатар, қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету. Осы бағыттардың бәрінде облыста үлкен жұмыстар жасалып жатқанын көріп отырмыз.
Партия жұмысы нақты нәтижемен бағалануы тиіс. Облыс активімен кездескен Мәулен Әшімбаев алға қойылған мақсат-міндеттерді осылай саралады. Ірі жобаның бірі - оқушыларға арналған 1000 ІТ-сыныбын ашу. Жоспар алдағы үш жылда орындалуы тиіс.
Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.