Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында полиция қызметкері взвод командирін табельдік қарудан атып өлтірді. 32 жастағы командир Рүстем Рақышев алған жарақатынан сол жерде тіл тартпай кеткен. Естіген елді елеңдеткен осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу барысын Ішкі істер министрлігі бақылауына алды.
Назерке Тоғжан, тілші:
-Қанды оқиға кешке кешкісін сағат 16:30 шамасында ІІБ ғимаратының ауласында тіркелді. Полиция сержанты взвод командиріне табельдік қарудан 7 рет оқ жаудырған. Басынан, аяғынан және арқасынан алған ауыр жарақаттан ол сол жерде көз жұмды.
Жедел жәрдем оқиға орнына 4 минутта жеткен. Алайда, бәрі кеш. Айдың күннің аманында атылған оқ, ауылдықтардың берекесін қашырды.
Зағидолла Әубәкіров, ауыл тұрғыны:
- Бұлай болмауы керек. Өздері тәртіп бұзып жатыр, басқалары не істемейді сонда?! Ақылға сыймайды.
Дана Құлымжан, оқушы:
- Көшеге шығу қиындап кетті. Адамдардың төзімсіздігі бізді қорқытады.
Қаза тапқан 32 жастағы взвод командирі- Рүстем Рақышев. Марқұмның артында бір ұл, бір қыз қалды. «Қос тәртіп сақшысы қызметте үлгілі, тәртібі мінсіз болды», - дейді департамент басшысы.
Мақсотхан Әбіләзімов, облыстық ІІД бастығы:
- Марқұм да, күдікті де өз қызметтерін мінсіз атқарды. Бұған дейін ешқандай тәртіптік жазаға тартылмаған. Оны қылмысқа не итермелегіні туралы әзірге нақты ештеңе айта алмаймын.
Күдікті ретінде ұсталған 24 жастағы жігіт көршілес Бударин ауылының тумасы болып шықты. Аудан орталығындағы Ішкі істер бөлімінде ол полиция сержанты болып қызмет атқарып келген. Қазір аталған факті бойынша Қылмыстық Кодекстің «Адам өлтіру» бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталып кетті.
Алмас Сәдубаев, ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры:
- Күдікті кінәсін мойындады. Алдына ала жиналған мәліметтерге қарағанда жеке келіспеушілік салдарынан болған. Бұл қылмыстық іс ІІМ –нің бақылауында.
Бейресми деректерге сүйенсек, полиция қызметкерлері өзара жанжалдасып, жаға жыртысуға дейін барған. Оқыс оқиғадан кейін Астанадан Оралға дереу жеткен Ішкі істер министрлігінің мамандары қазір істің мән-жайын анықтауды өз қолдарына алды.
Назерке ТОҒЖАН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.