Өркениеттен жұрдай қалған Төретам - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өркениеттен жұрдай қалған Төретам

06.09.2018

Қызылорда облысындағы Төретам кентінде шешілмеген мәселе көп. Жұлдызды қалашық Байқоңырға іргелес орналасқан елді мекен тұрғындары өркениеттен жұрдаймыз деп өкпелі. Кент көшелерінің сұрқы кеткен, айнала күл-қоқыс. 12 мыңға жуық төретамдықты титықтатқан түйінді түйткілдері қашан шешіледі? Ауылы аралас, қойы қоралас Байқоңырда қандай проблема бар?

Бұл Төретам кентіндегі орталық көшелердің бірі. Қоқысқа толы, сиырлар жайылып жүр. Біреу айтса, сенбейтіндей жағдай. Дәл осы жерде және теміржол вокзалы орналасқан. Жергілікті әкімдік ғимараты да осы маңда.

Тұрғындар «бұл қалыпты жағдай», - дейді. Қоқыс жиналмай, апталап түгілі айлап алынбай ұзақ жатады. 

Әділбек Өтебаев, Төретам кенті қоғамдық кеңесінің мүшесі:

- Өткен жылы Төретам кентінің тазалығына 988 мың теңге ұтып алған. Бірақ, ешқандай жұмыс атқарылмай, ақшаны игеріп кеткен. Биыл да бір көзден 1 миллион 412 мың теңгеге Төретам кентінің тазалығын ұтып алып, бірақ, сонда істеліп жатқан жұмыстар көрінбейді.

Кентте 33 көше болса, соның 13-і жөнделген. Бірақ, оған тұрғындардың көңілі толмайды. «Жұмыс шала атқарылған», - дейді ақсақалдар.

Сұлтан Әбжаппаров, Төретам кентінің тұрғыны:

- Көшелердің енінен 1 метр жоқ, қалыңдығынан 1 см. жоқ. Оның астына ештеңе төселген жоқ. Шаңдақтың үстіне асфальт төседі де қойды. Ол сумен ағып кетіп жатыр.

Айта берсе, ауылда шешілмей тұрған проблема көп. Мектепте су жоқ, кәріздік жүйе жұмыс істемей тұрғалы қашан. Электр бағаналары ескіріп, істен шығып жатыр. Халық көмір тасып, пеш  жағады. Тоқ етері, төретамдықтар өркениеттің көшіне ілескісі келеді. 

Ал, Байқоңыр қаласындағы қазақстандық кәсіпкерлерге валюталық айналымға қатысты қиындық туып отыр. Мұндағы ресейлік банктер мен салық органы отандық кәсіпкерлерге теңгемен есеп жүргізбейді. Бірақ, екі ел бекіткен заңнамада қалада рубль мен теңгенің мәртебесі теңдей деп көрсетілген. Алайда, бұл мәселе көп ұзамай шешілуі мүмкін. Байқоңыр қаласы мен Қызылорда облысы әкімдігі келер аптада жауапты орган басшыларымен кездеспек. Сондай-ақ, Төретамның проблемалары да назарда. Бұл елді мекенді Байқоңырдан бөліп қарауға болмайды.

Серік Қожаниязов, облыс әкімінің орынбасары:

- Қызылорда облысының бюджетінде Байқоңыр қарастырылмаған. Жыл сайын Ресей тарапы 115 миллион Қазақстанға төлеп отыр. Соның бір бөлігін Байқоңыр мен Төретам, Ақайға бөлу мәселесі қойылды. Ол мәселеге қазір алдын ала ешкім «жоқ» деп жатқан жоқ. Біз оң шешім табатынына сенімдіміз.

Ғарышты айлақта 75 мың халық тұрады, соның 53 мыңы қазақстандық. Қаланы дамыту тұжырымдамасына сәйкес, бірінші кезекте, сол азаматтардың шешілмеген мәселелері реттелуі тиіс. Ал, іргедегі Төретам кенті мен Ақай ауылы алдағы уақытта жұлдызды қалашықтың құрамына кіріп, мөлтек аудандарға айналуы әбден мүмкін.     

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу