Түркістан облысы Түлкібас тауының етегіндегі таңбалы тастар жойылып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысы Түлкібас тауының етегіндегі таңбалы тастар жойылып барады

06.09.2018

Түркістан облысы Түркібасы тауының етегіндегі таңбалы тастар әлі күнге зерттеушілердің назарына ілікпей, құпия күйі жатыр. Тарихшылар әзірге Жаңаталап ауылы маңынан табылған петроглифтердің сақ дәуіріне тиесілі екенін ғана айтумен шектелуде. Өкініштісі, сан ғасырдың сырын ішіне бүккен жәдігерлер бүгінде табиғаттың қатал құбылыстарына шыдас бермей, бедерлі бейнелері өшіп барады.

Жыланды өзенінің бойындағы «Жаңаталапқа» ел қоныстанғанына 250 жылдан асып қалды. Ауылға кіреберісте «Қосшоқы» аталып кеткен биік жота бар. Мұндағы әрбір үлкен тастың беті өрнектелген. Түрлі бейнелер таңбаланған. Соған қарап ауыл жұрты атақоныстарының тарихы тым тереңде екенін іштей сезеді. Бірақ, тастардағы таңбаны жергілікті жұрттың қызықтағаны болмаса, оны ғылыми тұрғыда зерделеуге әрекеттенген ешкім болған емес.

Қайрат Құланбаев, ауыл тұрғыны:

- Әсіресе, Қосшоқыдағы үлкен-үлкен тастардың қандай бүгіп жатқан сырлары бар екені қызықтырады. Сол белгілерге қарап, сол заманда қандай тірлік болғанын білсек, ғалымдарға құлаққағыс қылсақ деген ниет.

Тастағы таңбалар өзге жерден табылған петроглифтер секілді ежелгі тайпалардың тұрмыс-тіршілігінен хабар береді. Өзіндік қолтаңбасымен де ерекше.

Тастардың бетінде аңшының, садақ пен жебе, көшпенділер мәдениетінен хабар беретін керуен, сондай-ақ, аң-құстың сұлбасы бейнеленген. Алайда, неше мыңжылдықты бастан өткерген бұл белгілердің бүгінде көбінің бетін мүк басып, көмескі тартып барады.

Археолог, профессор Александр Подушкин бұл бейнелердің бір бөлігін қола дәуіріне тән мұра деп сипаттады. Жартастағы суреттерде аңшылық көріністері, жабайы аңдар бейнеленген.

Александр Подушкин, тарих ғылымдарының докторы, ОҚМПУ-нің профессоры:

- Жылқы, тау теке және өзге де мүйізді жануарлар бейнеленген екінші композициялар темір дәуірінің ерте кезеңдеріне тән. Бұл сол кезеңде өмір сүрген сақтардың өнері мен мәдениетін танытады. Жалпы алғанда, Жаңаталап петроглифтері тарихи құндылықпен бірге көркемдік мәнге де ие.

Профессор тарихи орынды жіті зерттеу ісіне енді осы кезеңдерді жетік білетін археолог мамандарды тартпақ. Ал, көне жәдігерлерді бүлдірмей сақтап қалу, оны қорғау тек жергілікті биліктің құзыреті ғана жететін тірлік болып тұр.  

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу