Сыр диқандары күріштен тау тұрғызуда. Су тапшылығына қарамастан, шығым жақсы болды. Бүгін Қармақшы ауданындағы «Жаңа жол» шаруашылығы егінге орақ салды. Дала төсі дүбірге толды.
Ақерке Берікбекқызы , тілші:
- «Жаңа жол» шаруашылығы 3 мың гектар жерге күріш екті. Сыр климатына жерсінген ресейлік «Новатор», «Янтарь», «Лидер» сорттары биыл бітік шықты. Диқандар әр гектардан 70 центнерден өнім аламыз деп отыр.
Өнімділіктің жоғары болуы тұқымға тікелей байланысты. Сондықтан, шаруалар күріштің сорттарына ерекше мән береді. Нарықтық экономиканың да талабы осы. Түрі мен сапасы келіскен өнімді өткізу оңай.
Данияр Нұрмағамбетов, шаруашылық бригадирі:
- Мынау «Лидер» сорты. Алдында «Кубань», «Маржан» сорттарын егетін едік, климатымызға ыңғайлы болғандықтан «Лидер» сортына көштік.
Қармақшы ауданының «Ақтөбе» шаруашылығы былтырдан бері ирандық «Таром Хо шеми» сортын егіп келеді. Биыл оның көлемі 300 гектарға жетті. Яғни, күріштің жаңа түрлерін тәжірибеде сынап, өнімділікке көз жеткен соң экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік бар.
Бақыт Жақанов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Күріштің тез пісетін сорттарын егуге тиістіміз. Қазір оған байланысты институт жаңа сорттарды шығарып жатыр. «Сыр сұлуы», «Әйгерім» деген сорттар бізде перспективалы сорттар болып есептеледі.
Сыр диқандары биыл 87 мың гектарға күріш екті. Оның 13 850 гектары Қармақшы ауданының үлесінде. Келер жылы егістік көлемін арттырмақ. Себебі, су тапшылығы болмайды. Қазір жергілікті билік облысқа қажетті су қорын жинау үшін Шиелі ауданында «Күміскеткен» су қоймасын салумен айналысып жатыр. Секундына 650 текше метр су өткізетін гидроқондырғының жобалық-сметалық құжаттары дайын.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.