Әлеуметтік желіге сурет жүктеп, бір күнде-ақ мыңдаған адамға танылған қазақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлеуметтік желіге сурет жүктеп, бір күнде-ақ мыңдаған адамға танылған қазақ

28.08.2018

Түркияның Ниде ауданына қарасты Алтай ауылында тұратын қандасымыз ерекше суретімен көпшілікті сүйсіндірді. Қазақтың ұлттық киімін киіп, Түркияның ең биік шыңдарының біріне шығып сәтті кадрды ұстай білді. Желі қолданушыларының көзайымына айналған фотоға қызыққан отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өкілдері оны сұхбаттарға шақырып, өзінің өмірі жайлы айтып беруін өтінді.

Ұлттық киім. Қара домбыра. Өрілген қамшы. Анадолы еліндегі Гүлек тауының шыңы. Түркиялық қандасымыз Мұстафа Көктің осы образы әлеуметтік желіні бір серпілтті. 2500 метрде қоршауы жоқ тастың қырында тұрып, ұлы түсірген сәтті фотоның арқасында танымал болғанына ол әлі сенер емес. Желі қолданушыларының кейбіреуі суреттен ерекше әсер алып таңдай қақса, енді біреулері Мұстафаның өміріне алаңдады.

Мұстафа Көк - Түркиядағы Алтай ауылының тұрғыны. 1953 жылы құрылған елді мекенде бірыңғай қазақ тұрады бүгінде. Қатардағы қызметкерден ауыл әкімі лауазымына дейін көтерілген ол осы күні мал бағып, атадан қалған кәсіпті жалғастырып келеді. 

Осыдан 4 жыл бұрын түсірілген мына сурет те естеріңізде болар. Моңғолияда тұратын  қазақ қызы Айшолпанның бүркітпен түскен фотосы оны күллі әлемге танымал еткен еді. Тіпті, әлемдік деңгейдегі режиссерлар 13 жасар қыздың өмірі жайлы фильм түсірді. Сондықтан, Түркиядағы қандасымыздың да суреті оны жаһанға танытуға мүмкіндік беруі ғажап емес.

Бақытжан ОМАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу