Теміртауда баланы тұншықтырған тәрбиеші үстінен қылмыстық іс қозғалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теміртауда баланы тұншықтырған тәрбиеші үстінен қылмыстық іс қозғалды

28.08.2018

Теміртауда жаға ұстатар оқиға болды. Қаладағы жеке меншік балабақшалардың бірінде 50 жастағы қызметші ұйықтай қоймаған қыз баланы қылқындырған. Әлеуметтік желілерде жарияланған жазбада әйелдің төсекте жылап жатқан баланың басын бүркемелеп тұншықтырып жатқанын көруге болады. Жантүршігерлік бейнежазбаны көрген жұрт  бірнеше сағаттың ішінде мыңдаған пікір қалдырған.

Алайда, біраз уақыттан кейін  видео әлеуметтік желіден алынып тасталды. Қарағанды облыстық ІІД өкілдері осы оқиғаға күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Қазір балабақша тәрбиешісінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайын анықтау кезінде бейнежазбаның биыл мамыр айында түсірілгені, бірақ, әлеуметтік желілерге 2018 жылдың 27 тамызында жүктелгені мәлім болды.

Есентай Әшім, Теміртау қаласы білім бөлімінің басшысы:

- Жеке меншік балабақшада болған оқиға. Бұл балабақшада мемлекеттік тапсырыс орналастырылмаған. Қазіргі кезде енді мектепке дейінгі тәрбиелеуші мекемелерде лицензия қарастырылмайды. Олар бізден рұқсат сұрамайды. Дегенмен, білім бөлімі осыған жауапты органдардың рұқсатымен тексеріске шығу керек болса, шығады. Бұл істі шектен шыққандық деу аз айтылған болар еді. Бұл-қылмыс.

Бақытжан Құдияров, ІІД Мемлекеттік тіл және ақпараттық байланыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Баланы ұйықтата алмаған. Бала жылап төсекте секіргендіктен көрпемен бетін бүркеп тұншықтырғаны жөнінде мойындау көрсетпелерін берді. Бүгінгі таңда аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 140 бабы 2-і тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу