Елдегі ең көп жалақы алатын әкімдік қызметкерлері. Астана әкімдігіндегі шенеуніктер мен қызметкерлердің жалақысы 80-100 пайызға дейін өскен. Бұл туралы бүгін қала әкімі Әсет Иекешев айтты. Былтырдан бері елорда әкімдігінде трансформация жүргізіліп, басқармалар саны 26-дан 17-ге дейін қысқарған. Осылайша, үнемделген қаржы жалақыны өсіруге жұмсалған. Қазір Астана әкімдігіндегі басқарма басшылары мен орынбасарлары 500 мың теңге жалақы алса, бөлім басшылары 350 мың теңгеге дейін айлық табыс табады. Әкімдіктегі бас мамандар 280 мың теңге төңірегінде жалақы алады. Айта кету керек, өзге өңірлердегі әкімдіктермен салыстырғанда бұл әлдеқайда жоғары жалақы. Әкімдіктегі трансформациялау жұмысына байланысты өткен жиында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қызметкерлерге жалақыны бұдан да көбейтуге болатынын айтты. Ол үшін ішкі әкімшілік шығындар мен керек емес лауазымдарды тағы да қысқарту керек деген кеңес берді.
Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі:
- 2008 жылы Астана халқының саны 600 мың адам болса, қазір екі есеге өсті. Керісінше, әкімдік қызметкерлерінің саны 100 адамға қысқарып, 940 адамға жетті. Яғни, ауыртпалық пен жауапкершілік артты. Осыны ескеріп, жалақыны өсірдік. Әкімдіктегі жалақы қазір ұлттық компаниялар мен банктегі орташа жалақыдан кем емес.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.