«Күрделі геосаяси жағдайда ұлтты сақтап, одан әрі даму үшін ұлттық мүддені күшейтіп, экономиканы нығайтып, жаңа технологияларды кеңінен қолдануымыз керек». «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары жастармен кездесуінде осылай деді. Мәулен Әшімбаев «Зерен» республикалық жастар жазғы білім беру лагерінің үшінші маусымының ашылуына қатысты.
Кемел елдің келешегі кім? Әрине, жігерлі, жалынды, жанарында оты бар жастар. Тәуелсіздік алған күннен бері Елбасы өскелең ұрпақты қолдауды тоқтатқан емес. Енді ізгі құндылықтарды жастардың жүрегіне дән етіп себу парыз. Арға жүктеген аманат - осы. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары жас көшбасыларға армандай білудің артықшылығын айтып, ұдайы ізденгеннің мұратқа жететінін жеткізді.
Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
- Мемлекетімізді ең дамыған елдердің қатарына қосуымыз керек. Сондықтан, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы стратегиялық мақсатымыз осы. Тәуелсіздігімізді, мемлекеттігімізді күшейту, ұлтымызды сақтау, ұлттық мүддемізге сәйкес саясатты жүргізу. Біз партияның жұмысын жандандыруымыз керек. Бюрократиялық тәсілдерден арылып, жұмыстың тиімділігін арттыруымыз қажет.
20-дан астам жоба қазір өз нәтижесін беріп жатыр. Оны жұртшылық көзбен көріп, көңілге түйіп жүр. Шапағатын шарапатын жастар да сезінбек. Мәселен, «Болашақ» бағдарламасының түлектерін және ағылшын тілін еркін меңгерген «жасотандықтарды», барлығы 500-ге жуық жас азаматты шалғайдағы елді мекендерге жіберудің өзі үлкен көмек болмақ. Бас қосқан жастардың тарапынан сұрақтар толастамады. Бейресми кездесудің артықшылығы да осы.
Жас көшбасшылар тың идеяларымен бөлісті. Жалпы, республикалық жастар білім беру лагері үш ауысыммен өтуде. Осыған дейін оған еліміздің әр аймағынан келген 300-ге жуық жас азамат қатысқан еді. Бұл жолғы тақырып – бизнес бастамалар. Ақнұр Сақпан болашақта осылай мейрамхана қожайыны болғысы келеді. Қазір ол бір-ақ студент. «Армансыз адам-қанатсыз құспен тең», - дейді ол.
Ақнұр Сақпан,студент:
- Бұл лагерьден күтетінім өте көп. Тақырып бизнеске байланысты болған соң алдағы уақытта өз бизнесімді бастауға қажетті мәлімет алатыныма және де оған мүмкіндіктер болатынына сенімдімін.
Ақнұр сияқты ілім, білімге ұмтылған саналы жастар кездесу барысында партиялық жобаларға белсене қатысатындықтарын жеткізді. Енді олар алдағы күндері белгілі азаматтардан, өмірге жетістікке жеткен жандардан дәріс алады, болашаққа жоспарларын жасайды. Олар да қоғамның кетігін жетілдіріп, кірпіш болып қаланғысы келеді.
Индира БЕГАЙДАР
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.