Жетісулықтар да қасиетті Құрбан айт мерекесін ерекше тойлап жатыр. Биыл облыс орталығында тұңғыш рет мешітке жиналған жамағат арасында марафоннан жарыс ұйымдастырылып, үздік мал соятын қасапшылар анықталды. Алматы облысы аумағындағы өзге де мешіттерде ат жарысынан, басқа да ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтті.
Талдықорғанның жамағаты таңмен таласа жауған жаңбырға қарамастан қаладағы мешіттерге көптеп жиналды. Сап түзеп, сәждеге басын иіп, намаз оқыды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Талдықорған өңірінің өкілдігі биылғы Құрбан айт мерекесін ерекше атап өтті. Алғаш рет шағын қашықтыққа жүгіруден марафон ұйымдастырды. Бас имам бастаған 100-ден астам тұрғын қала көшелерімен 4 шақырымдай жерді жүгіріп өтті. Марафоншылар қатарында танымал тұлғалар да болды.
Нұрбақыт Теңізбаев, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері:
- Егер жастарымыз иманды болса, ешқандай жамандыққа бармайды. Жастар еліміздің болашағы.
Жүгіруге қатысқандардың ең жасы 18-де болса, ең үлкені пайғамбар жасында. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, мал сойған қасапшылар да өзара мықтыларды анықтады.
Ардақ Нүсіпханұлы, ҚМДБ Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы:
- Олардың мал сойғандағы тазалығына, жылдамдығына, қолының икемділігіне үлкен назар аударылуда. Сол жерде құрбандық шалуға келген халық бағасын беріп, оларды марапаттайтын боламыз.
Мейірімге, қайырымдылық пен кешірімге бастайтын қасиетті Құрбан айтта игі амал жасау - сүннет. Сондықтан, бұл күндері қалада қоғамдық көліктер мен такси жүргізушілері халыққа тегін қызмет көрсетуде.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.