Былтыр қыстан қысылып шыққан Қызылорда қаласы биыл жылу беру маусымына ерте қамданып жатыр. Мәселен, арзан бағамен көмір сатылып, жылу құбырлары жаңғыртылуда. Оның үстіне қатты отынның бағасы да былтырғыға қарағанда 15 пайызға арзан.
Ақерке Берікбекқызы, тілші:
- Қазір қаладағы қоймалардың барлығында көмір бар. Бүгін таңертең міне, 4 вагон яғни, 500 мың тонна көмір тағы жеткізілді. Қаптап аласыз ба, тонналап аласыз ба, өз еркіңіз. Қатты отынның бір тоннасының бағасы-15 мың теңге.
Былтыр қоймаларда көмірдің тоннасы 17-18 мыңнан болды. Ал, алып-сатарлар әр қабын мың теңгеден саудалады. Соның өзін жұрт таласа-тармаса алғанымен, ақыр соңында кейбіреулер қақаған аязда отын таппай қиналды. Алайда, бұдан сабақ алып, қазір қысқа ерте қамданып жатқан халықты көрмедік. Дегенмен, оның өз себебі бар.
Ардақ Тапаев, қала тұрғыны:
- Жазда алған көмір бәрібір қыстағыдай болмайды. Оны қазір сақтап қойғанның өзінде ертең қыста жанбайды. Өзім былтыр 6 тонна көмірді екі-үш рет барып алдым. Бір барғанда адам көп, сұраған көміріңді бермейді. Таңертең барып кешке зорға алып қайтып жүрдік.
Облысқа барлығы 265 мың тонна көмір қажет. Қазір құзырлы мекемелер нақты кесте әзірлеп, оны жылу маусымына дейін жеткізу мәселесімен айналысып жатыр.
Ерлан Жаңабаев, облыстық Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:
- Облысқа жалпы 3 мың 900-ге жуық тонна көмір келген. Ол негізінен жергілікті тұрғындар үшін жеткізіліп отыр. Ал, әлеуметтік мекемелер тарапынан бүгінгі күнге әзір қозғау жоқ. Көмір жеткізушілер әр ауданда бар.
«Көмірді жұрт дәл қазір алсын, алмасын, бірақ, биыл көмір тапшылығы бәрібір болмайды», - дейді жергілікті билік. Алайда, бағаның қалай құбылатынын ешкім білмейді. Дегенмен, өңірде қысқа дайындық қызу жүріп жатыр. Қалада 30 жылдан бері ауыстырылмаған жылу құбырлары жаңартылуда.
Бақытжан Молдаиманов, «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК жылу жүйелері басшысы:
- 7 шақырымды құрайтын 8 нысан ауыстырылып жатыр. Қазіргі заманға сай полиуретан көбігімен оқшауланған құбырлар ауыстырылуда. Жұмыстар қазір аяқталу мерзімінде.
Осылайша, көмір жеткілікті, жылу құбырлары жаңа. Мұның барлығы қыстан қиналмай шығудың қамы.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.